Арыс қаласында мектеп директорына қарақшылық шабуыл жасаған екі күдікті Мәскеуден табылды

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Шымкент қаласының 23 және 30 жастағы екі тұрғынына 1 қараша күні Арыс мектептері бірінің директорының үйіне қарақшылық шабуыл жасағаны үшін мемлекетаралық іздеу жарияланған болатын.
«Бұрын хабарланғанындай, бұның алдында аталған қылмысқа қатысы бар қылмыстық топтың бір мүшесі - Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталған болатын. Естеріңізге салайын, Шымкент қаласының бір топ жастары таныстарынан жәбірленушінің қаржылық ауқаттылығын біліп алып, оның үйіне баса көктеп кіріп, үй иесін және басқа да отбасы мүшелерін қорқытып, ұрып-соғып, аяқ-қолдарын байлап, жалпы құны 8,5 млн. теңгеден аса алтын бұйымдары мен ақшаларын алып кеткен», - деді Н. Ораз.
Қазіргі уақытта Минск конвенциясына сәйкес, ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілуде.