«Арысымыздан айырылдық, қанатымыздан қайырылдық»

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін таңертең Мюнхен қаласында халқымыздың қайраткер тұлғасы - Хасан Оралтай дүниеден озды. Сол ақпаратымыздың артынша, электрондық поштамен сонау Түркия жерінен Хасан ағамыздың қарындасы, Халықаралық саясат ғылымының докторы Мәриям Хакім Қалибек немересінен де хабар жетті. Біз сол хат мәтінін де оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Арысымыздан айырылдық,  қанатымыздан  қайырылдық»

«Хасан Оралтай дүние салды. Ол, өткен жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде коммунистік зұлмат қатерінен ұрпақты сақтап қалу мақсатымен Қазақтың еркіндікке жетуді армандаған бір тобын Шығыс Түркістаннан алып шығып, батыстық елдерге жеткізген Қалибек Хакімнің ұлы. Зерттеуші, жұрналшы Хасан Оралтай 1933-ші жылы Тарбағатай-Жәйірде өмірге келді. Әкесі Қалибек Хакім Орта Жүздің керейінен тараған жәнтекейінің бөгенбай-барқыларынан болса, анасы Орта жүздің мұрын наймандарынан Смағұлқызы Ханымша ханым еді.

Хасан Оралтайдың өмірі; Елім деп еңіреген Едігелер тарихын жазумен өтті. XX-шы ғасырда Шығыс Түркістан аталатын қазақ жерінде ел үшін, жер үшін, қазақ үшін өткен арпалыс пен қазақтың еркіндікке деген талпынысының аяғында шет елдерге ауып барған қазақтардың өмір шежіресін жазған-ды. Өмірінің сонғы 50 жылы Алаш зиялыларының тарихы мен Қазақстанның көкейтесті мәселелерін жазып, жариялаумен өтті. Қазақ үшін өз бойын кернеген ойын дауыстап айтып, қалам сермеп тарихта қалдыруға тырысқан жан еді. Жұмыс бабымен «Азаттық» радиосында істеген кезден бұрын да кейін де, қарлығаш қанатымен су сепкендей болса да Қазақтың өзекті мәселелерінің жаршысы мен жыршысы жұмысын атқаруға талпынды.

Хасан Оралтайдың жазушылық, өз білгенінше тарихшылық ролі алдымен Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық күресін әлемге жариялаудан басталды. Осыдан жарты ғасыр бұрын (1961) алғаш кітабы -«Еркіндік жолында Шығыс Түркістан қазақ түріктері» еңбегі Түркияның Ізмір қаласында баспадан шықты. Өмірінің сонғы кезеңіне дейін өзі жазған, өзі ұйымдастырған еңбектердің барлығының көздеген мақсаты - Қазаққа пайдалы, Қазаққа қатысты, Қазақтың өткені мен келешегіне арналған өзекті мәселелерге арналды.

Хасан Оралтай, жалпы адамзат тағдырымен салыстырғанда, өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген-білген, бәрінен де сабақ алып, өз өмірін де, өз ата-анасының өмірін де алға сүйреп, ата-ана қарызын өтеп, атадан ұл туса осындай ақ болсын дегізген адам. Хасан Оралтай өзінен кейінгі ұрпаққа да, «міне, менің әкем» деп кеуде кере айтуға лайықты әке болған. Бір сөзбен айтқанда жеке өмірінде көздеген арманына жеткен адам. Ұлын ойға, қызын қырға қондырған. Өзінің ұлты үшін, Қазақ үшін, балалық шағында кетуге мәжбүр болған, артта бұлдырап қалған қасиетті Қазақ жері үшін, сол қасиетті Отанда көзі жұмылып, томпайып жатқан аяулы туғандарының қурап қалған сүйектері үшін, әрі көздері жаудырап артта тірі қалған туыстар үшін, жалпы алғанда жалпы Қазақтың қамы сияқты, өзіне қасиетті бүкіл ұғымдар үшін демінің ақырына дейін, әл- дәрмені жеткенше қызмет етуге қайрат еткен жан. Балапан ретінде ұяда көрген өнегесін ұшқанда ұластырған, ұластырғанымен қоймай одан әрі жалғастырып жақсартуға тырысқан жан еді.

Хасан Оралтай, өз өмірін осыншама жанкештілік, жанпидалықпен қасиетті ұғым-сенімдер үшін арнағанда, шен алайын, мал-мүлік жинайын, мансапқа, орындыққа ие болайын, деген пендешілік пиғылдан аулақ болған. Хасан Оралтай Алланың өзіне бұйыртқан дән-дәулетінен айырбастаған халал ақшасын ел үшін, дін үшін жұмсаған жан. Мұсылманшылықта жасалған жақсылық, қайыр-қасанат айтылмауға тиіс. Егер айтылса, оның сауабы болмайды. Бірақ қалған Қазақ баласына үлгі болсын, елім мен жерім деген Едігелер көбейсін. Бұл үшін Алла Тағала күнәға жазбағай.

Қалған Алты Алаш - Қазаққа айтарымыз, Біз шетте жүрген аз-ақ қазақ бірі аяулымыздан, бірі әкемізден, бірі ағамыздан, ... арысымыздан айырылып, қанатымыздан қайырылдық.

Ендігі сөз... қалған қазаққа атадан ұл тусын, ата жолын қусын...

Халықаралық саясат ғылымының доқтыры

Мәрием Хакім Қалибек немересі».