Аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен аталған елден аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады. 

Аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Фото: видеодан алынғын скрин

Тергеу барысында аталған тұлғаның 2023 жылғы қараша-желтоқсан айлары аралығында Алматы қаласында коммерциялық жылжымайтын мүлік объектісін сату сылтауымен алдау жолымен жәбірленушіден бір жарым миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі ақша қаражатын иеленіп алғаны анықталды.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.

Өткен жылғы желтоқсан айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 

Айта кетелік анасын пышақтаған күдікті Вьетнамнан экстрадицияланған еді