Асанәлі Әшімов: Кезектен тыс Президент сайлауы - ел бірлігін паш етті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында орналасқан №254-ші сайлау учаскесіне КСРО халық әртісі, М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының белді актері Асанәлі Әшімов келіп дауыс берді.
Кейін журналистер алдына шығып сөйлеген сөзінде атақты өнер майталманы бүгінгі сайлаудың Қазақстан үшін маңызды қадам екендігін айтты.
«Алматыда бүгін ауа-райы тамаша болып тұр. Қайырымдылық Марафоны өтті. Халық көңілді. Бүкіл әлемді қамтыған қаржылық дағдарыс кезінде осындай кезектен тыс Президент сайлауын өткізу -бұл Қазақстан үшін сөзсіз маңызды қадам. Халық мұны түсінеді. Сондықтан да өз еріктерімен келіп, саналы түрде дауыс берді», - деді А. Әшімов. Ол өзі тіркелген сайлау учаскесіне келіп, сайлаушылар арасында түрлі ұлттың өкілдері бар екендігін көріп, риза болғандығын айтты. «Кезектен тыс Президент сайлауы - қазақстандықтардың бірлігін паш етті. Бүкіл қазақстандықтарды осы күнмен құттықтаймын!», - деді КСРО халық әртісі.