Асанәлінің ұстазы - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Ақсу ферроқорытпа зауытындағы № 2 цехтың № 21 пешінде Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай мыңыншы тонна ферроқорытпа балқытылған. «Отандық металлургиялық өнеркәсіп жыл сайын бір млн. тоннадан артық дайын өнім өндіреді. Осы жылы бұл жетістікке белгіленген мерзімнен бір ай бұрын қол жеткізілді. Әлемдік экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан зауыт бүгін әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары сапалы өнімін шығарып, тұрақты жұмыс істеуде. Жоғары сапалы ферроқорытпаларды өндірудің бастапқы үш негізі сапалы отандық шикізатта, пайдаланылған технологиялық үрдіс пен металлургтеріміздің кәсіпқойлығында», дейді басылымға сұхбат берген №2 балқыту цехының бастығы Сұңғат Балтабаев. Басылымның « Тұңғыш Президент күніне - 1 000 000 тонна ферроқорытпа » деген мақаласында хабарланып отырғандай, Ақсудағы металлургтер мемлекеттік мерекелерді әрқашан ерен еңбекпен және жаңа өндірістік жетістіктермен атап өтеді. Еуразиялық Топ өзінің инвестициялық, өндірістік және әлеуметтік саясатын әрқашан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясының құрамдас бөлігі болып табылатын «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасында қойған тапсырмаларына сәйкес орындауда.
Сондай-ақ, бас басылымның хабарлауынша, Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаева Тұңғыш Президент күніне арнап Анкара қаласында концерт қойған. «Түркияда Қазақ ұлттық өнер университеті ұжымының гастрольдік сапары басталды» деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті. Дереккөзіне сүйенсек, 160 дарынды студенттен тұратын шығармашылық топты ҚазҰӨУ ректоры Айман Мұсақожаева бастап келген.
«Еуразия симфониялық оркестрі, «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі, «Шабыт» домбырашылар ансамблі, халық аспаптары оркестрі, «Балауса» би тобы, «Айгөлек» скрипкашылар ансамблінің музыкалық ұжымдары және өзге жас орындаушылар жаңа ірі концерттік бағдарлама дайындады.
Анкарада танымал скрипкашы, Әлем әртісі Айман Мұсақожаева өзінің дарынды тәрбиеленушілерімен бірге Тұңғыш Президент күніне орай ерекше концерт бағдарламасымен өнер көрсетті», -деп хабарланған ақпаратта. Мерекелік концерт туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Түркиядағы мерекелік концерт» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
Абай Құнанбайұлының баласы Ақылбай ақынның шығармалары көп айтыла бермейді. Ақылбай - сирек тақырыптарға қалам тербеген қазақ жазушысы. «Айқын» газеті бүгін Ақылбайдың зұлыстар тірлігінен алынған «Зұлыс» поэмассы туралы сырға толы мақалаға шығарған екен. газеттің хабарлауынша, бұл поэма 1921-1922 жылдары хатқа түсіріліп, 1924 жылы «Сана» журналына жарияланды. Өкінішке қарай, бізге дейін «Зұлыстың» тек кіріспесі ғана жетті. Ақылбайдың бұл поэмасы қазақ әдебиетіне өзіндік ерекшелігімен енді. Осы жерде сұрақ туындайды: Ақылбай алыстағы Африкада ержүрек зұлыс тайпалары барын қайдан білген? Себебі қа-зақ пен зұлысты ештеңе байланыстырмайды. Біз - Азиядамыз, олар - Африкада. Бұл сұрақтың жауабына қаныққыңыз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Ақылбайдың поэмасында Африканың зұлысы қайдан жүр?» деген мақаланы оқыңыздар. Бұл ретте, қызықтыра айта кетейік, Африка құрлығында, соның ішінде ОАР-да зұлыстар өмір сүреді. Сонымен қатар, Зимбабве, Замбия, Лесото, Мозамбик, Свазиленде секілді мемлекеттерде де зұлыстар бар. Қазіргі уақытта зұлыстардың жалпы саны 10 миллиондай. Антропологиялық жағынан зәңгі нәсіліне жатады, көпшілігі дәстүрлі дінін (анимизм) сақтаған, аз саны ғана христианның католик дінін ұстанады. Чаканың реформасына сай әскер қатарынан 20-дан 40 жасқа дейінгі ерлер алынды. Әйелдер жағы негізінен, үй тірлігімен айналысты. Жігіттерге өзінің жаужүректігін соғыста дәлелдегенде ғана үйленуге рұқсат берілді. Ал некесіз қатынасқа түскендерді өлім жазасына кесті. Осылайша, зұлыстар Африкадағы ең күшті тайпа ретінде көзге түскен.
Сондай-ақ «Айқын» газеті бүгін қазақ кинонысының шоқ жұлдызы, қазақ киноактерлерінің «атасы» Асанәлі Әшімовтің ардақты ұстазы туралы жазған. Асанәлі Әшімұлы қатты құрметтеген ұстазы - Пелагея әже өкінішке орай жуырда қайтыс болған екен. «КСРО халық артисі, қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актер Асанәлі Әшімұлының да Алатаудай атағына қарамай шүйкедей қара кемпірге тағзым еткеніне біз куә. Таяуда көршіміз Пелагея әжей сексен сегіз жасында қайтыс болды. Шын есімі Бақытты екен. Ресейдің қазағы, кезінде төлқұжатына солай жазып жіберіпті. Қайратты адам еді. Сексеннің сеңгіріне шыққанына қарамай, аулада үнемі иіліп-бүгіліп түрлі жаттығулар жасап жүретін. Қазақша да, орысша да өте сауатты адам болатын. Абай атындағы ҚазПИ-де 70-ке келгенше 1997 жылға дейін профессор болыпты. Физика-математика кафедрасын басқарған. Жүріс-тұрысынан тектілік, білімділік, зиялылық есіп тұратын. Әйтеуір тегін адам емес дестік. Расында бұл кісі тегін болмай шықты. Алаштың ардақтысы Ас-ағаның - Асанәлі Әшімұлының сүйікті ұстазы екен. Шәкірті анадай болғанда, ұстазы қандай болды десеңші! Әттең әңгімелесе алмадық. Далаға сирек шығатын болды. Бертінде тіпті шықпай қалды. Ауырып жатып қалған екен. Содан төсегінде ұзақ жатып қайтыс болды. Ақырғы сапарына жұрт жөн-жоралғымен шығарып салды. Асанәлі аға марқұм ұстазына зайыбымен бірге Құран бағыштап келді»,-деп хабарлайды басылым. Асанәлі Әшімұлы сияқты өр тұлға азаматқа білім берген марқұм Бақытты ұстаз туралы толығырақ газетте жарық көрген «Асанәлінің ұстазы» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
Ал «Экспресс-К» басылымы бүгін Кеден одағы аумағында сатуға тыйым салынған ұнтақты алкоголь туралы жазады. Жалпы, суға салғанда ащы суға айналатын зиянды ұнтақ 1974 жылы АҚШ-та патенттелген екен. Бірақ, тек соңғы жылдары ғана өндірілуге рұқсат берілген өнім. мамандардың айтуынша, бұл ұнтақ азаматтардың белгілі бір категориясы үшін ғана өндірілуі керек. Заңда жазылмаған соң, бұл алкогольді өнімді сатуды регламенттеу өте қиын. Сондықтан, Кеден Одағы аумаында бұл зиянды ұнтақтың заңды сатылуына жол берілмеуі керек. Бұл туралы газеттің «Просто добавь беды...» деген мақаласынан оқи аласыздар.