Ащы ішектегі ауруларға да экран арқылы диагноз қойып, емдеуге болады - Н. Әбдіқалиев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бұдан былай асқазандағы ғана емес, ащы ішектегі ауруларға да экран арқылы диагноз қойып, оларды емдеуге болады.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда терапевтердің I Еуразиялық съезі мен Қазақстан кардиологтарының VI конгресі барысында Республикалық кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының ғылыми хатшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Әбдіқалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін адамның асқазаны, тоқ ішегі және тағы бірқатар органдары эндоскопиялық және гастроскопиялық әдістермен тексерілетін. Енді міне, жіңішке ішекті де осылай тексеруге болады.

«Бұл жаңа әдісті бейнекапсулалы диагностика деп атайды. Мұнда науқас кішкентай ғана бейнекапсуланы жұтады. Ол ішектермен жүріп отырып, олардың бүкіл зақымдалған жерін көрсетеді. Мұны біз кәдімгі экран арқылы көре аламыз. Біз мысалы фиброгастроскопияда тек асқазанды ғана қарай аламыз. Колоноскопиямен тек тоқ ішекті қараймыз. Ал мына жаңа әдіс дәрігерлерге үлкен мүмкіндік ашып отыр. Бұл жаңа технологияны енді ғана енгізіп жатырмыз. Кеше ғана өткізілген шеберілік сыныбында Қазақстаның барлық өңірлерінен келген дәрігерлер оны бірінші рет көрді! Бұл шеберлік сыныптарын біздің мамандар өткізді. Олар бұған дейін шетелдік мамандардың шеберлік сыныптарынан өткен. Жаңа әдіс арқылы ішектердің дерттеріне қатысты өте дәл диагноз қоюға болады», - деді өз сөзінде Нұрлан Әбдіқалиев.

Бейнекапсулалар қымбат тұрады. Нұрлан Әбдіқалиевтің айтуынша, оның бір данасы ауруды емдеуге байланысты бірнеше мың теңге болады.

Осы шара барысында айтылған жаңа емдеу әдістері туралы арнайы қарар қабылданып, ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі. Министрлік оларды арнайы Емдеу хаттамаларына енгізеді. Сонда бюджеттен тиісті қаржы да бөлінеді. Әрі қарай, еліміздің бүкіл емдік орындарында осы және хаттамаға енгізілген өзге де әдістер қолданыла бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, терапевтердің I Еуразиялық съезі мен Қазақстан кардиологтарының VI конгресі өз жұмысын одан әрі жалғастыруда.

Соңғы жаңалықтар