Әсел Тоқтасын бокстан әлем кубогі кезеңінің жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Қазақстан құрамасының өкілі Әсел Тоқтасын Дели (Үндістан) қаласында өтіп жатқан әлем кубогінің финалдық кезеңін қола медальмен аяқтады.

Әсел Тоқтасын бокстан Әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды
Фото: Сали Сабиров/ҚР ҰОК

Отандасымыз турнирді 80 келіден жоғары салмақта жартылай финалдан бастады. Әсел бұл кезеңде Өзбекстан өкілі Олтина Сотимбоевамен кездесті.

Жекпе-жек қорытындысы бойынша өзбекстандық боксшы жеңіске жетті. Ал Тоқтасын әлем кубогін қола медальмен аяқтады.

Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан бокстан әлем кубогінде 18 қарашада ел құрамасынан кімдер шаршы алаңға шығатынын жазған болатынбыз.

Айта кетсек, 17 қарашада ел құрамасынан Нұрбек Мұрсал (70 келі) жеңіске жетсе, Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Бекзат Таңатар (90 келі), Нұрзат Оңғаров (50 келі) қарсыластарына есе жіберді.

Беделді бәсеке 16-20 қараша аралығында өтеді. Оған Қазақстан атынан ерлер құрамасынан 8, ал әйелдер құрамасынан 5 спортшы қатысуға мүмкіндік алды.

Әлем кубогі үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында болса, одан кейін шілде айында Астана да жалауын көтерді.

Бірінші кезеңде отандастарымыз 3 алтын, 3 қола алса, екінші кезеңде 8 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлдеге қол созды.

Соңғы жаңалықтар