Асхат Аймағамбетов 2025 жылғы бюджеттегі басты өзгерістерді жария етті

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2025 жылғы республикалық бюджетті қарау кезінде енгізілген маңызды өзгерістер мен түзетулер туралы мәлімдеді. Ол бұл туралы өзінің ресми парақшасында жазба жариялады.

Асхат Аймагамбетов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2025 жылғы республикалық бюджетті талқылау барысында депутаттар енгізген нақты өзгерістерді жария етті. Оның айтуынша, халық жиі қоятын «Бюджетті қарағанда нақты не істедіңіздер?» деген орынды сұраққа жауап ретінде, осы жолғы бюджетте маңызды әлеуметтік бағыттарға қосымша қаржы бөлінген.

Денсаулық сақтау саласында — 37 млрд теңге қосымша қаржы

  • 20 млрд теңге — онкологиялық науқастарды емдеуге;
  • 5 млрд теңге — онкогематологиялық ауруларды (лейкемия және т. б.) емдеуге;
  • 8 млрд теңге — гемодиализ қызметін қаржыландыруға;
  • 4 млрд теңге — паллиативтік көмек көрсетуге бөлінді.

Аймағамбетов бұл қаражаттардың артында тек сандар емес, «адамдардың тағдыры мен өмірі тұрғанын» атап өтті.

Білім саласына қосымша қолдау

Бюджеттен 402 млн теңге қайта бөлінді. Атап айтқанда:

  • Халықаралық пәндік олимпиадаларға дайындыққа,
  • Мектептегі робототехника мен ғылыми жобаларға,
  • Дебат қозғалысын дамытуға жұмсалады.

Қазақ тілді мәдени контентті қолдау

  • 300 млн теңге — қазақ тіліндегі анимациялық мультфильмдер өндірісіне және олардың интернетте таралуына бөлінді;
  • «XXI ғасыр көшбасшысы» және «Азамат» сияқты танымдық телебағдарламалар эфирге қайта оралады;
  • «Жайдарман» жобасына қолдау көрсетілді;
  • «Астана Опера» театры ұжымының жалақысына да қаржы қарастырылған.

Су қауіпсіздігі және ғылым

География және су қауіпсіздігі институтының инфрақұрылымын жаңартуға 189 млн теңге бөлінді.

Асхат Аймағамбетов алдағы уақытта 2026 жылға арналған бюджет жобасына енгізілетін түзетулер туралы да бөлек жазба жариялайтынын айтты.

— Бюджетті талқылауда тек өз өңіріңнің мәселесіне ғана емес, барша азамат үшін маңызды жүйелі сұрақтарға назар аудару маңызды, — деді депутат.

Осыдан бұрын Асхат Аймағамбетов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің нәтижесі туралы жазба жариялады.

Соңғы жаңалықтар