Асхат Аймағамбетов ақылы тұрақ туралы: Астана әкімдігі келісімшарттың тұтқыны болып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Астанадағы ақылы тұрақтардың мәселесін реттеудің жолын айтты.

Аймагамбетов Асхат Канатович
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұған дейін депутат елордадағы ақылы тұрақтар мәселесін көтеріп, әкімдікке әлеуметтік желі арқылы сауал жолдаған болатын. 

«Біз кеше сұрақ қойып, жауабын алдық. Бұл мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясындағы келісімшарт 5-6 жыл бұрын бекітілген екен. Әкімдік қазір сол келісімшарттың міндеттерін орындауға мәжбүр. Сондықтан тиісті түзету әзірлеп жатырмыз. Өйткені әкімдік бұрын бекітіліп кеткен келісімшарттың тұтқыны болып отыр. Ол түзету әкімдікке келісімшартты қайта қарауға мүмкіндік береді. Біз заң шығарушылар ретінде ондай мүмкіндік беруіміз керек. Бұл тәжірибе, ақылы тұрақтар институты Астана, Алматы, Шымкентте ғана емес, басқа өңірлерге де таратылады деп ойлаймын. Сондықтан біз заңға осы құқықтық қатынастардың бәрін реттейтін түзетулер енгізу туралы бастама көтереміз. Өзге өңірлерде ақылы тұрақтар пайда болған жағдайда ақысыз тұрақтар қандай орында болатынын, әлеуметтік маңызды орындар белгіленуі керек. Одан кейін түскен ақының басым бөлігі бюджетке түсу керек», - деді депутат.

Асхат Аймағамбетов 2-3 аптаның ішінде депутаттар нақты бастама көтеретінін айтады.

«Бұл жерде сараланған тәсіл керек. Париж, Лондон сияқты қалаларды қарасақ, сараланған төлем тәсілі қолданылады. Сұраныс жоғары аудандарда тұрақ ақысы айтарлықтай жоғары болады. Ал басқа орындарда арзанырақ болады. Әлеуметтік топтар төлейтін ақы да төмен болады. Тұратын үйіңіздің маңындағы тұрақ сіз үшін ақылы болмау керек деген сияқты нормалар керек. Яғни, ақылы тұрақ мәселесінде өркениетті тәсілдер болуы керек», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар