Ашық НҚА-ға құжаттар мазмұны неге толық салынбайды — Әділет вице-министрі жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында қоғамдық талқылауға шығарылатын құжаттардың мазмұны неліктен толық жүктелмейді? Бұл сауалға Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова жауап берді.
— «Ашық НҚА» порталында жасалған өзгерістер ең алдымен оқырманға танысу барысында ыңғайлы болуы үшін жасалды. Енді оларға көптеген бетті немесе салыстырмалы кестені қараудың қажеті жоқ. Өйткені, әзірлеуші мемлекеттік орган қысқаша мазмұнын беруге міндетті. Онда жоба неге бағытталғаны, оның оң не теріс салдары көрсетіледі, — деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, азаматтар аталған ақпаратпен танысып, қорытынды шығарады және пікір қалдыруға да мүмкіндігі бар.
— Бұл ретте құжаттың толық мәтінімен танысқысы келетін кез келген адам тиісті мемлекеттік органға жүгінуге, ал олар нормативтік-құқықтық актінің толық мәтінін ұсынға міндетті, — деді Лаура Мерсалимова.
Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар тақтатас мұнайы мен уран өндіруге қатысты және әкімшілік әділет институтын жетілдіруге мүмкіндік беретін Заңдарды мақұлдады.