АШМ бірқатар мемлекеттік қызмет түрін ХҚКО-ға бермек
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихаты барысында аталған ведомствоға қарасты Агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Марс Алмабек мәлім етті.
Мәселен, оның атап өтуінше, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу және оның бар не жоқ екендігі туралы анықтаманы халыққа қызмет көрсету орталықтарына беру жоспарланып отыр. М.Алмабектің пайымынша, бұл кәсіпкерлердің аталған анықтаманы алуға 1-2 күнін жұмсамай, 5-10 минуттың ішінде алуына мүмкіндік береді.
«Біз барлық регламенттер мен стандарттар бекітілгеннен кейін сараптама жүргізуді жоспарлаудамыз. Байланыс және ақпарат министрлігімен қосымша келіссөздер жүргізіледі. Менің ойымша, келер жылдың ортасында халыққа қызмет көрсету орталықтарына қандай қызмет түрлері берілетіндігін ресми жариялайтын боламыз», - деді ол.