Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы қызметкері тергеуге алынды – Антикор

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты департамент директорының бұрынғы орынбасары жемқорлық күдігіне ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Медицина саласындағы жемқорлықтың жартысынан көбі былтыр Шымкентте тіркелген
Фото: Kazinform

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Астана қаласы бойынша департаменті ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының бұрынғы орынбасарына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, - делінген хабарламада.

Бұрынғы мемлекеттік қызметкер аффилиирленген компанияны қызметтік көлікті жөндеуге заңсыз тартты деген күдікке ілініп отыр.

- Күдікті бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, ұрлап әкеткен, бұл мемлекетке 3 млн теңгеден астам шығын келтіруге әкеп соқтырды, - деп хабарлайды Антикордан.

Қазір тергеу жалғасып жатыр, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бірнеше күн бұрын Қарағанды облысында департамент басшысы 1 млн теңге пара алды деген күдікке ілінгені туралы хабарлаған едік. 

Айта кетсек, Антикор Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорынға талдау жүргізіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар