Аштықтан құрбан болғандардың рухы азаттықты қастерлеуге міндеттейді - А.Смайыл

Шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, азаматтық қоғам институттарының, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
«Жалпы 5-6 жылға созылған аштықтан Қазақстан даласында көз жұмғандардың саны ғана 3,1 млн. адамнан асып кетеді, кейбір ғалымдар 3,3 млн-нан да асырып жатыр. Сол кезде Ахмет Байтұрсынұлының айтуынша, саны 6 миллионға енді жеткен қазақ үшін бұл ауыр шығын еді. Сол шығынның орнын біз осы күнге дейін өзінің деңгейінде толтыра алғанымыз жоқ», - деді рәсім барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл.
Оның атап өткеніндей, аштық бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздіктің құнын ұғындырады.
«Бізге өзімізді ұлт ретінде сақтауға міндеттейді аштықтан құрбан болғандардың рухы. Бізге азаттыққа қол жеткен отанымызды жас баладан бастап, кәрімізге дейін құрметтеуді міндеттейді. Ұлт болып тұтасуды меңзейді», - деді А.Смайыл.
Бұның алдында аталмыш датаға орай, Ақмол кентіндегі Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған «Алжир» мұражайлық-мемориалдық кешенінде гүл шоқтарын қою рәсімі өткен болатын.