Аштықтың ең ауыр зардабы мен ең зор шығыны не?

АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осынау қаралы дата тарих қатпарындағы қасіретке толы жылдарды, халықтың көрген азабын, солақай саясаттың құрбандарын, ұлт үшін жанын пида еткен арыстарды - бәрін-бәрін бүгінгі ұрпақтың есіне салып, ұмыт болдырмас үшін де, бейбіт күннің, егемендіктің қадірін жете түсіну үшін де жыл сайын аталып өтіледі.
None
None

Рас, 20 ғасыр - қанды ғасыр болды. Осы ғасырдың құрбандарын санап, түгендеу үшін де талай жүзжылдық жылжып өтер. Себебі осы кезеңде болған соғыс, репрессия, ұжымдастыру, кәмпескелеу сынды талай-талай қырғынды науқандардың, зұлмат оқиғалардың сыры толық ашылған жоқ. Олар тарихтан өзінің әділ бағасын ала алған жоқ. Тіпті, біз сол бір қасіретті толық сипатында танып, біле алмай да келеміз. Себебі, тарих бұрмаланған, дерек өзгертілген, жасырлыған.

Аштықтың ең шарықтаған шегінде адамдар бір-бірінің етін жеген

Шындық сонау тұңғиық тереңнен қол созады бізге. Жарыққа ұмтылады. Бірақ сол шындықтың келбеті сіз ойлағандай емес, тым көріксіз. Қорқынышты! Адам сенгісіз. Осы шындыққа деген күмәніңді сейілтетін тек бұлтартпас дәлелді деректер. Олар былай тіл қатады:

«Бесеудің хаты» авторларының бірі, 1937 жылы «Халық жауы» деп қамауға алынып, өлім жазасына кесілген Мәнсүр Ғатаулин өзінің соңғы сөзінде:

« - Мыналар халық жаулары емес... Жау менмін. Сондықтан да бір мені соттаңдар. Бірақ мен де халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын. Ал ондай жау болуым 1932 жылы командировкамен Кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды.

Машинадан түстім, айнала тірі пенде көрінбейді. Ештеме жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам: ішінде өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көзі ашық жатыр, бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр.

Айғай-шуды естіп сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге тарпа бас салып, оны бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты.

Жан-жағыма қарасам, бір ошақта үлкен қазан қайнап отта тұр. Бірдеме пісіп жатыр. Қақпаны ашсам, қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді.

Міне сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым». («Жалын», 1993, №7, 47-бет).

Осы сынды оқиғалар аштық асқынған басқа да өлкелерде орын алған. Осы аштық зұлматын зерттеп, екі бөлімді көлемді еңбек жазған Табылды Құлияс ағамыз бір сұхбатында «Адамжегіш әйелдер» туралы айтқаны бар еді.

- Мұрағаттан ОГПУ-дiң есебiн қарағанымда, Ақтөбе облысының қазiргi Алға ауданында үлкен жолдың бойында қос тiгiп, екi жас әйел отырған. Жолда iлiнiп-салынып босып келе жатқан адамдарды алдап-сулап, сойып жеп отырғаны жазылған. Милиция қос адамжегiштi әзер дегенде қылмыс үстiнде ұстап, атып тастайды.

Сөзсіз, бұл - аштықтың ең ауыр азабы еді. Өлуден де өткен азап - тірі отырып, тірі пенденің етін жеу. Айуандық күн кешу! Адамдық болмысынан айрылу!

Бұларды сөгуге, оларға айып тағуға болмайды. Себебі, олар адамдық қалыптан айырылып қалған, аштық азабынан ақыл өліп, тек «өзін өзі сақтау» инстингі сақталған екі аяқты тіршілік иелері еді. Бұл жайлы Кёнигсбергте (1773-1945 жылдар арасында шығыс Пруссияның орталығы) туып, Ресейде білім алған танымал ғалым Павел Яковлевич Розенбах (1858-1918) өзінің «О влиянии голода на нервные центры» атты еңбегінде (дисертациясы!) былай жазады:

«Аштық көп жағдайда «аштықтың сандырағы» деп аталатын психикалық күйзеліске әкеліп соғады. Әрине, ашығу белгілі бір дәрежеге дейін психикалық симптомсыз-ақ өрістей беруі мүмкін, алайда организмдегі нәрдің үзілетін шағында сана күйзеле бастайды. Сананың тежегіш күші әлсірегендіктен ойлар, идеялар бір-бірімен байланыссыз тез-тез алмаса бастайды. Есту мен көру қабілеті галлюцинацияға ұшырайды, адам санасын ақылға сыймайтын нақұрыс идеялар билей бастайды. Алайда бұл идеялар да санаға тұрақтамай, бір-бірін жиі алмастырады. Адам өз-өзімен күбірлеп, жынмен сөйлескендей күй кешеді».

Аштық қысқанда адамның қандай күйге түсетіні, қандай әрекеттерге баратыны өз алдына бір тақырып. Оны қарымды қаламгер Т.Әсемқұлов «Аштық және соғыс. Сана күйзелісі» атты мақаласында жан-жақты зерттеп, ғылыми дәлелдер мен дәйектерді молынан келтіре отырып, шеберлікпен тарқатып жазған.

Кей елді мекендерде бірде-бір адам тірі қалмаған

«Бесеудің хаты» үшін қазақтың біртуар жазушысы әрі қайраткері Ғабит Мүсірепов біраз қыспақ көргені тарихтан белгілі. Солардың ішінде Ғабеңнің қабырғасын қайыстырған ең қиын сынақтарының бірі оның Голощекиннің нұсқауымен аштық жайлаған Қостанай өңіріндегі шалғай елді мекендерге сапары болады. Өз естелігінде жазушы сол сапарын былай жазады:

«Сонымен, біз жүріп кеттік. Қостанай мен Семиозердың арасы жүз шақырым болса, біз табаны күректей жеті күн жүрдік. Ол жерде жол дейтін ұғым атымен жоқ. Ат құлағы көрінбейтін боранда ат бауырынан келетін күртікті кешіп, күніне екі-үш сағаттай жылжимыз да қардан аққала соғып, ықтасын жасаймыз. Сонсоң атты ағытып, шанадағы азғана шөптен салдырамыз. Өзімізде алып шыққан азық бар. Қатқан нанмен суық колбасадан қаужап аламыз да, «бой жылытқыштан» аздап жұтамыз. Сондағы біздің жол бойындағы адастырмас қарасынымыз - бірінің соңынан бірі шұбырып келе жатып, құлаған жерінен тұра алмай қалған өліктер болды. («Халық кеңесі», 1992, 20 наурыз).

Мүсіреповке сұмдық жәйттерді көруге тура келген. Ол жүрген жолдың сол қапталында мәйіттер бірінің үстіне бірі қатарлап жиналып, үстін қар басып қалыпты. Жолай қаңырап қалған ауылдар, нақтырақ айтқанда, қатар-қатар тізілген киіз үйлерден тұратын қалашықтар кезігеді. Коллективтендіру басталысымен мұндай мекендер қырда көптеп пайда болған еді.

Жолсерік екеуі қалашықтардың бірін аралап көреді. Әр киіз үй нөмірленіп, тұтас көшелерді құрайды. Бәрі де қаладағыдай секілді. Кішкене тақташалар ілінген:

«Құрамысов көшесі», «Ерназаров көшесі», «Рошаль көшесі», «Голюдов көшесі» - әр көшеге қазақстандық көсемдердің есімі берілген. Ал киіз қалашығының өзі «Жолдас Голощекин атындағы» деп аталады екен. Қалашықта бір де бір адам болмаған - бәрі де өліп бітіпті».

Күні кешеге дейін Қазақстандағы халықтың кеміп кетуі туралы деректеме ретінде 1926 жылы желтоқсанда және 1939 жылы 15 қаңтарда өткен Бүкілодақтық халық санағының материалдары негізге алынып келді. 1926 ж. бірінші санақ бойынша Қазақ АССР-ның территориясында 3 млн. 628 мың қазақ тұрған екен. 1939 жылғы санақ бойынша өз жеріндегі қазақтардың саны 1 млн 321 мың адамға, немесе 36,7% кем болып шыққан. Әрине, бұл толық мәлімет емес. 1930 жылдың ортасына қарай республикадағы халықтың жалпы саны әлі де біршама толыққан болатын. Ол кезде Қазақстандағы түпкілікті халықтың саны 4 млн 120 мың адам еді.

Қазақстаннан тысқары кеткен 1030 000 адамнан 414 мыңы кейіннен елге қайтып оралды. 616 000 адам қайтып келмеді. Олардың бір бөлігі Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иран мен Түркияға өтіп кетті. Көптеген қазақтардың іргелес республикаларға ауып кеткендігін халық санақтарының мәліметтері де дәлелдейді. Егер 1926 жылғы санақ бойынша басқа республикаларда 314 мың қазақ тұрған болса, 1939 жылы олардың саны 794 мыңға жетті. 1926-1939 ж.ж. аралығында ашаршылықтан қашып барғандардың есебінен РСФСР-дағы қазақтар саны 2,3 есе, Өзбекстанда - 1,7 есе, Түркіменстанда - 6 есе, Тәжікстанда - 7 есе, Қырғызстанда - 10 есе өсті.

Ұлттың басты құндылығы адам десек, бұл қазақ ұлты үшін орны толмас шығын болды. Демографиялық өсімді тежеді. Сол кездері қазақтан әлденеше есе саны аз көршілес ұлттардың бүгінде алды 30 миллионға (өзбек) жетіп отырғанын ескерсек, қаншалықты зор шығынға ұшырағанымызды жобалай аламыз.

Ескеретін жайт, сол кездегі қазақ экономикасының басты көрсеткіші - мал саны да күрт кеміген. Егер 1929 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда ірі қараға шаққанда 44,7 млн. бас мал болса, 1931 жылы ол 8,6 млн-ға дейін кеміп кетті. Ал 1934 жылдың 1 қаңтарына қарай шамамен 4,7 млн бас қалған. Мұның себебі асыра сілтеу, мемлекетке мал өткізу жоспарының жыл сайын үстемелеп өсуі, босқындыққа ұшыраған шекара аудандарының тұрғындары кей жағдайда малдарын айдап алып кетуі және ең бастысы, жұқпалы мал ауруының елді жайлап алуы еді. (Деректерді 1991-1992 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесі құрған 1931-1933 ж.ж. ашаршылық пен жаппай саяси қуғын-сүргін себептерін анықтау комиссиясы мүшесі - тарихшы, Қайдар Алдажұманов келтіреді).

Аштықтың ең ауыр зардабы - ұлт мінезі өзгеріске ұшырады

Тағы да Т.Құлияс ағамыздың бір сөзі ойға оралады. Ол кісі аштықты зерттей келе, оның ең ауыр зардабы не екеніне көзі жеткен. Аштықтың ең ауыр зардабы, біз ойлағандай, халықтың қырылып қалуы емес. Малдың да, дүние-дәулеттің де тоналуы емес. Ол - ұлттың өз асыл мінезін, ғасырлап жинаған қанға сіңді қасиетін жоғалту. «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында (2012 жыл, 17 мамырдағы саны) жазушы осындай ойларымен бөліседі.

- Менi таңдандырған нәрсе: қызылдар билiкке келген 5-6 жылдың iшiнде мұндай оңбағандар қайдан шықты? Мұның түпнегiзi - көкiрек көзi кереңдiкте, сауатсыздық пен надандықта. Бiр сөзбен айтқанда, тексiздiкте. Кесiп тастауы қиынға айналып бара жатқан сол жаман мiнез қазақ арасында аштық жылдары тамырын тереңдетiп жiбердi.

Менiң түйгенiм - аштық тұтас ұлттың табиғи болмысын аз уақыттың iшiнде өзгертiп жiбередi екен. Құдды бiр вирус сияқты. Ұлтты ұсақтатады. Кесек мiнездi жояды. Адамды қу құлқынның құлына айналдырады.

***

Арада сексен жылдан астам уақыт өтсе де аштық жылдары ортайған нәрсенің орыны толмай келеді. Әрине, салыстырмалы түрде. Бір анық нәрсе, біз осы тарихи оқиғадан сабақ ала білуіміз керек. Себебі, кеше бар байлығы мал болған қазақ бүгін де жаппай кәсіп, өнер үйреніп кете қойған жоқ. Қазіргі таңда да бар байлығы «жер қойнауындағы қазына» болып отырған қазақ алдағы уақытта транзиттік қабілетін, географиялық артықшылығын пайдалана отырып, жаңа даму даңғылына түсуі тиіс. Бұл орайда Елбасының жаңа жаһандық сын-қатерлерге жауап ретіндегі «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы мен «Ұлт жоспары - Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамы» айқын бағдар бола алады. Енді осы жобалар сәтті іске асырылуы керек. Бірақ бүгінгі басты мақсат - халық санасын өзгерту. Ел мен жерді көгерту үшін әр адам бойында еңбекқорлық қасиет болуы керек, сонда ғана қазақ халқы өсіп-өркендейді, біз жарқын болашаққа жете аламыз.

Ербол Жанат

Соңғы жаңалықтар