Ашу-ызаға негізделген тұзақ: рейджбейт адамға қалай әсер етеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM –  Жыл қорытындысын шығара отырып, Оксфордтың ағылшын тілі сөздігі rage bait тіркесін 2025 жылдың сөзі деп таңдады. Бұл ұғым сөзбе-сөз «ашуға құрылған тұзақ» деген мағынаны білдіреді. Неліктен бұл термин биыл ең көп талқыланғандардың қатарында және мұнда әлеуметтік желілер мен олардың алгоритмдері қандай рөл атқарады — мұны Kazinform агенттігінің тілшісі талдап көрді.

Приманка на гнев: как работает рейджбейт и почему он вовлекает почти каждого
Коллаж: Nano Banana Pro

Оксфорд институтының анықтамасына сәйкес, «рейджбейт» термині «ашу-ыза немесе наразылық тудыру үшін әдейі жасалатын, арандатушылық немесе қорлайтын онлайн-контентті» білдіреді. Мұндай материалдар, әдетте, белгілі бір веб-парақшаға немесе әлеуметтік желідегі аккаунтқа трафикті арттыру, сондай-ақ қолданушылардың белсенділігін күшейту мақсатында жарияланады. 

Oxford Languages басшысы Каспер Гратвольдің айтуынша, мұндай сөздің пайда болуы және оның жиі қолданылуы адамдардың онлайн кеңістікте өздерін тарту үшін пайдаланылатын манипуляциялық тәсілдерді барған сайын жақсырақ түсіне бастағанын көрсетеді.

Рейджбейттің ерекшелігі неде және оны қалай тануға болады?

Желі қолданушылардың айтуынша, рейджбейттің басты айырмашылығы — оның әдейі жариялануында. Қазақстанның медиа кеңістігінде пайда болған мұндай контенттің алғашқы әрі ең айқын мысалдарының бірі — реалити-шоулар. Мәселен, 2018 жылдан бастап отандық телеарнада көрсетілген «Қалаулым» бағдарламасын атауға болады. Жобаның ресми сипаттамасында оның мақсаты жұбын таппағандарды табыстырып, қазақстандық қоғамда отбасылық құндылықтарды насихаттау деп көрсетілген.

Алайда мұндай жобалардың форматы қақтығыстарға, арандатушылық жағдайларға және қарым-қатынасты жұрт алдында ашық түрде талқылауға негізделеді. Дәл осы жайттар көрермен назарын ұзақ уақыт ұстап тұрады.

Әлеуметтік желілерде бұл одан да айқын байқалады, себебі мұндай әсерді арнайы алгоритмдер одан әрі күшейте түседі.

Мәселен, қазақстандықтар арасында танымал Threads платформасында қолданушылар пікірлерін көбіне жалпылама және дау тудыратын тезис түрінде жариялайды. Соның салдарынан мұндай жазбалар бірден арандату ретінде қабылданып, эмоциялық реакция тудырады. 

Рейджбейт жазбаларының басты белгісі — оларда лайктан гөрі пікір санының көп болуы. Себебі аудитория бейтарап немесе жағымды жарияланымдарға қарағанда даулы жазбаларға әлдеқайда белсенді араласады. 

Нәтижесінде кейбір қазақстандық қолданушылар мұндай жазбаларды әдейі «рейджбейт 0/10» немесе «7/10» деген секілді пікірлермен белгілей бастады. 

Алайда Қазақстанның әлеуметтік желісінде үлкен резонанс тудырған жағдайлар болды. Мәселен, Instagram желісінде Астананың бір тұрғыны бейнеролик жариялап, мүгедектігі бар балалар «ата-анасының азғындыққа бару салдарынан дүниеге келеді» деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол онкологиялық аурулар мен аутизмді «рухани жаза» деп атаған. 

Желі қолданушылары блогердің сөзін қызу талқылаумен шектелмеді: сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл салды. 

2025 жылдың жазында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында қарағандылық Алика Мұхамадиеваның Threads платформасында жариялаған пікірлері кеңінен талқыланды. Оның мәлімдемелері алгоритмдердің әсерінен тез таралып, жұрттың ашу-ызасын және жауап жазбалардың легін туғызды.

Бұл оқиға «жабулы қазан» күйінде қалған жоқ. Кейінірек оның сөздерінде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар екені анықталып, сот шешімімен оған 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

«Эмоцияға негізделген тұзақ» қалай жұмыс істейді?

Эмоцияға негізделген айла — манипуляция арқылы кері байланыс алудың тиімді тәсілі. Әлеуметтанушы, «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы жобаларының үйлестірушісі Ольга Симакованың айтуынша, эмоция әртүрлі болуы мүмкін. Егер кликбейт қызығушылық пен білмекке құмарлықты тудырса, рейджбейтте авторлардың мақсаты ашу мен наразылық арқылы қаралым жинау.

- Рейджбейт мазмұн жағынан енді пайда болған жаңа құбылыс емес. Оксфорд сөздігінің оны жылдың сөзі деп атауы бұл құбылыс дәл осы жылы пайда болды дегенді білдірмейді. Керісінше, биыл коммуникациялық қарым-қатынаста ашу-ызаның басым үрдіске айналғаны мойындалды. Мұны әлеуметтік желі қолданушылары өз мақсаттарына жету үшін меңгеріп жатқан құралдар жиынтығының салдары ретінде қарастыруға болады, - дейді әлеуметтанушы.

TikTok және оған ұқсас платформалардағы контентке жүргізілген зерттеулер қолданушылардың наразылығын тудыратын бейнероликтердің бейтарап мазмұнға қарағанда лентада ұзақ сақталып, қамту ауқымы жоғары болатынын көрсетті. Кей жағдайларда «angry» (ашулы) реакциясы алгоритм тарапынан кәдімгі лайктан да маңыздырақ саналып, мұндай жазбалар ұсыныстарды қалыптастыру кезінде басымдыққа ие болған.

- 2021 жылы Йель университетінің ғалымдары Twitter-дегі (қазіргі X әлеуметтік желісі) жазбаларды зерттеген. Олар 7 мыңнан астам пайдаланушының 12 млн-нан астам жазбасын талдаған. Зерттеу қорытындысы бойынша ғалымдар кері байланыс тек пайдаланушылардың ашуын білдіруге ынталандырып қана қоймайтынын, сонымен қатар әлеуметтік желілердің саясаты, яғни регуляторлары қалыптастыратын мәдениет те әсер ететінін анықтаған. Ғалымдар мұндай желілерді «идеологиялық экстремалды әлеуметтік желілер» деп атады, - дейді әлеуметтанушы.

Сарапшы бұл жағдайды мақсатты стратегия деп сипаттайды: қандай да бір цензуралық шектеулері жоқ авторлар танымалдылықты арттыру және жарнамадан түсетін табысын көбейтуге мүдделі болып, әдейі арандатушылық стильді таңдайды.

Рейджбейт үшін кім жауапты: аудитория ма, әлде алгоритмдер ме?

Ольга Симакованың айтуынша, арандатушылық контент эмоцияны қажетті бағытқа бұрады, бірақ бұл аудиторияның емес, хабарламаның авторының қажеттіліктерін қанағаттандырады.

- Рейтингтер қатысу көрсеткіштеріне негізделгендіктен, әлеуметтік желілерде өз беделін арттыруға мүдделі пайдаланушылар ашу арқылы манипуляция жасауды өз мақсаттарына жетудің жеңіл жолы деп көре алады. Ғалымдар атап өткендей, желідегі символдық капитал, яғни желідегі бедел, танымалдық пен ықпал ету қабілеті әлеуметтік тәжірибемен емес, өзгелерден ерекшелене білу қабілетімен, яғни «басқалардан қызықтырақ» контент ұсыну арқылы артады. Бұл жалған ақпарат пен арандатушылық нарығын қалыптастырады, - дейді сарапшы.

Бұл жағдайда кім кінәлі — эмоциялық контентті аңсайтын аудитория ма, әлде қызығушылықты оятатын алгоритмдер ме — нақты жауап жоқ. Жауапкершілік екі тарапқа да тиесілі болуы мүмкін.

Ольга Симакова
Фото: Ольги Симакованың жеке мұрағатынан

Психологиялық тұрғыдан алғанда адамдар теріс эмоцияны «түйедей етуге» бейім, сондықтан ашу тудыратын контент көбірек пікір мен репост жинайды. Пайдаланушылар мәні бар материал мен эмоция сыйлайтын контент қатар келсе — көбінесе екіншісіне басымдық береді, өйткені ол күшті реакция тудырып, талқылауға әкеледі, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, егер халықтың сыни ойлау деңгейі төмен және ақпаратты тексеру дағдылары қалыптаспаған болса, онда бұл рейджбейттің әсерін күшейтеді.

- Рейджбейт хабарламаларды оңай тануға болады: оларда күрделі тақырып арандатушылық ұранмен бұрмаланып көрсетіледі, қарама-қайшылықтар қолданылады, аудиторияның бір бөлігінде ашу немесе әділетсіздік сезімін тудыратын мысалдар мен визуалды материалдар таңдалады. Мұндай хабарламалардың, әдетте, қорытындысы жоқ және ешқандай шешім де ұсынбайды, бірақ, «ауырған жаранықозғайды», - дейді Ольга Симакова.

Алайда тек аудиторияны кінәлау да дұрыс емес. Рейджбейт хабарламаларды «назар аударуға лайық» деп танитын әлеуметтік желілердің алгоритмдері, себебі олар: пайдаланушы жарияланымда қанша уақыт қалады, болжам бойынша оны қанша уақыт қарайды және контентпен әрекеттеседі ме - деген сияқты критерийлер бойынша жұмыс істейді. 

Осы көрсеткіштерге сүйене отырып, жүйе ұқсас материалдарды таңдап, жаңалықтар таспасында насихаттай бастайды, бұл біртіндеп арандатушылық және эмоция тудыратын контенттің таралуын күшейтеді.

Әлеуметтанушының пікірінше, алгоритмдерге мәтінді семантикалық тұрғыда талдай алатын функция жетіспейді.

- Бұл әлеуметтік желілер басшыларының қолында. Егер олар өз желісінің қауіпсіздігі мен тартымдылығын ойласа, контентке қатысты алгоритмдерін қайта қарап, қосады, - дейді ол.

Қазірдің өзінде Meta мен X компаниялары арандатушылық контенттің таралуын шектейтін құралдарды қолданып отыр. Мысалы, егер Facebook немесе Instagram-дағы жарияланым қауымдастық нормаларын бұзбаса, бірақ проблемалық немесе сапасыз деп есептелсе, Meta оның таралуын төмендетуі мүмкін. Мұндай контент көпшіліктің қарауына сирек шығады және санаулы қолданушыға ғана көрсетіледі.

Ұқсас механизмдер X әлеуметтік желісінде де бар: алгоритмдер кейбір жарияланымдардың көрінуін шектей алады, оларды жоймай-ақ, көпшілік наззарына жібермей, ұсыныстар таспасынан шығарады.

- Мысал ретінде қызықты зерттеуді атап өтуге болады. Америкалық ғалымдар автордың комментарийіндегі ашу деңгейін және оны басқа пайдаланушылар қалай қабылдайтынын салыстырған. Олар ашуға толы жазба қалдырған комментарий авторларын тауып, твит жариялағаннан кейін 15 минут ішінде өз эмоциялық күйін бағалауды сұраған. Содан кейін сол твиттерді 600-ден астам басқа пайдаланушыға көрсетіп, «автор қандай көңіл-күйде болды деп ойлайсыз?» деп олардың пікірін сұраған. Нәтижесінде, басқа адамдар үшін негативті эмоциялар автор ойлағаннан әлдеқайда күшті көрінген. Яғни хабарламаны әркім әртүрлі қабылдайды, біреу байқамай өтіп кетеді, енді бірі қатты әсер алады, - дейді әлеуметтанушы.

Ашу - әлеуметтік желілердің «валютасына» айналуы мүмкін бе?

Әлеуметтік желілерде агрессияның өскенін бұрыннан байқауға болады. Ал ашуды білдірген постқа лайктардың, репосттардың және қаралымдардың көп болуы мұны әлеуметтік тұрғыдан дұрыс және қолдауға ие болатындай әсер қалдырады.

Алайда болашақта бұл стратегия соншалық тиімді болмауы мүмкін. Мұны 2025 жылы Техас университетінде жүргізілген зерттеу көрсетті. Зерттеуге Қытайда танымал WeChat платформасының 6 млн-нан астам ерекше пайдаланушысы қатысты. Талдау барысында кездейсоқ таңдалған 387 486 онлайн мақала үлгісі негізге алынды.

- Ғалымдар алаңдаушылық, махаббат және таң қалу сияқты эмоциялар контенттің таралуына - оң, ал ашу, мұң және қуанғанын көрсету теріс әсер ететіндігін анықтады. Ашу немесе алаңдаушылықты білдіретін жазбаларды көбінесе қарт адамдар мен достары аз адамдар бөліседі; ашу көбіне қисынсыз деп есептелініп, өзімшілдік ретінде қабылданады, сондықтан адамдар мұндай хабарламаларды бөлісуге бейім емес. Яғни осыдан әлеуметтік желілер үшін олардың тиімсіз екенін көруге болады, - дейді Ольга Симакова.

Бұған дейін балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін жасына қарай шектеу ұсынылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар