Асқар Мамин ҚР Хоккей федерациясы президенті лауазымына қайта сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Қазақстанның Шайбалы хоккей федерациясы президенті орнына үшінші төртжылдық мерзімге сайланды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Асқар Мамин ҚР Хоккей федерациясы президенті лауазымына қайта сайланды

А. Маминнің кандидатурасына есептік-сайлау конференциясы қатысушыларының барлығы бір ауыздан дауыс берді. Олар оның басшылығымен хоккей жүйелі түрде дамып, барынша танымал болғанын атап өтті. Дауыс берер алдында ҚР бірінші вице-премьері ҚХФ мақсаттары мен міндеттерін айтты.

Ұлттық команда алдына әлемдік хоккей элитасына оралу және орнығу міндеті қойылды. Ақтау, Ақтөбе, Тараз, Орал, Шымкент, Қызылордада мұз айдындары мен модулдер салу, хоккей балалар-жасөспірімдер бөлімшесін ашу жоспарлануда. Президент әйелдер хоккейінің географиясын кеңейтуге, әйелдер командалары арасында ҚР толыққанды чемпионатын өткізуге ниетті.

Сондай-ақ, Халықаралық хоккей федерациясына Қазақстанда түрлі деңгейдегі әлем чемпионаттарын өткізу ұсынысын енгізу  жоспарлануда. Дауыс бергеннен кейін А. Мамин ҚР-да хоккейді дамыту үшін бар күш-жігерін салуға уәде берді, ол қойылған мақсаттарға жету үшін бірлесіп, жұмылып жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Асқар Мамин ҚХФ-ны 2008 жылғы қазаннан бастап басқарып келеді. 2012 жылғы қыркүйекте екінші төртжылдық мерзімге сайланды. 2016 жылғы қыркүйекте Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2008 жылғы сәуірден бастап 2016 жылғы қыркүйек аралығында «Қазақстан Темір Жолы» АҚ басқарды.