Әскерде жағы сынған сарбаз басқа бөлімге ауыстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Отардағы әскери бөлімде жауынгерлік борышын өтеп жүргенде, соққыға жығылып, жағы сынған сарбаз Есбол Қапар әскери госпитальде әлі де ем қабылдап жатыр. Бұл жөнінде ҚР Қорғаныс министрлігі ресми сауалымызға берген жауабында мәлімдеді.

военные солдаты әскери сарбаздар призыв әскерге шақыру
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

— Мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Е. Қапар қазіргі уақытта Гвардейский кентіндегі әскери госпитальда стационарлық ем қабылдап жатыр. Оған қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп келеді, — делінген хабарламада.

Сонымен бірге, әскери қызметші басқа әскери бөлімге ауыстырылды. Емдеу және оңалту шаралары толық аяқталғаннан кейін ол әскери қызметін аталған бөлімде жалғастырады.

Әскерде жағы сынған сарбаздың жағдайы белгілі болды
Фото: видеодан алынған скрин

— Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай жағдайлардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы мақсатта әскери бөлімдердегі бақылау күшейтіліп, тәртіп пен жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалы тұрақты назарда ұсталады. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, психологиялық қолдау көрсету және құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары кезең-кезеңімен жетілдіріледі. Министрлік әскери ортада заңбұзушылықтарға жол бермеу қағидатын қатаң ұстанады, әрбір дерек бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, заң аясында шешім қабылданады, — делінген ресми жауапта.

Еске салайық, бұған дейін оқиғаның мән жайын толық жазғанбыз. Зардап шеккен сарбаздың туыстары таратқан ақпаратқа сай, оны сержант темірмен ұрып, жағын сындырған. Алайда сержанттың өзі мұны жоққа шығарып, жарақат алған сарбаз өзі секілді қатардағы жауынгермен төбелескенін айтқан еді.

Ал ҚР Қарулы Күштері әскери полициясы бас басқармасы әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты үш командир мен орынбасары қызметінен босатылғанын мәлім етті.

Ал күдікті ретінде жәбірленушінің борыштасы айыпталып, үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған едік.