Әскерде жағы сынған сарбаздың жағдайы белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, ауыр жарақат алған жауынгер сауығып келеді. Бұл жөнінде Қорғаныс министрлігінің әскери-клиникалық госпиталі жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің басшысы Владислав Мусатов мәлімдеді.
— Науқас қазір оңалту кезеңінде. Дәрумендер қабылдап, физиологиялық емдеуден және емдік дене тәрбиесінен (ЛФК) өтіп жатыр. Бүгінгі медициналық тексеру барысында аузы 3 сантиметрге ашылатыны анықталды. Демек, жағдайы жақсарған. Алдағы уақытта гипербариялық оксигенация сеанстарын өткізу жоспарда бар. Одан әрі емдік дене тәрбиесі оңалтуын аяқтап, әскери-медициналық комиссия тағайындаймыз, — деді дәрігер.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі сарбаздың өзінен де сұхбат алып, видеосын бөліскен еді. Онда ол өзін жақсы сезінетінін айтады.
— Осында келген соң, аузымды қарап, тексерді. Жұмсақ резіңке салып берді. Екпе салып, көк тамырға инъекция жасап, толықтай жақсы қарап жатыр. Физиологиялық емдеуден өтіп жүрмін. Аузымды ашып сөйлей аламын, тамақ ішемін, — деді сарбаз.
Еске салайық, бұған дейін таратқан ақпаратта осы жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатқанын жазғанбыз.