Әскердегі кадрлық саясат, бітімгерлер, сарбаздарды қолдау: заңнамаға өзгеріс енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – 21 мамырда өтетін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралады. Құжат қорғаныс саласындағы заңнаманы, әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын және әскери қызмет өткеруді одан әрі жетілдіруге бағытталған. Осы орайда бұл саладағы тың өзгерістерге қатысты Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков баяндап берді.

Олжас Құспеков
Фото: Мәжіліс

Бұл құжат бойынша жаңа нормалар қандай мақсаттарды шешу үшін әзірленді?

- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтуге, қызметтің беделін арттыруға және қорғаныс жүйесін қазіргі заман талаптарына бейімдеуге бағытталған. Құжат төтенше жағдайларға, терроризмге қарсы операцияларға және тәуекел деңгейі жоғары өзге де міндеттерге қатысатын әскери қызметшілерді қолдау шараларын кеңейтуді, сондай-ақ қызмет өткеру жағдайларын және материалдық қамтамасыз етуді жақсартуды ұсынады.

Өзгерістердің жеке бір бөлігі армиядағы басқару жүйесі мен кадр саясатын жетілдіруге қатысты. Заң жобасында кадрлық үдерістерді цифрландыру, жоғары әскери лауазымдарға кандидаттардың цифрлық рейтингін енгізу, сондай-ақ әскери қызметшілердің жекелеген санаттары мен Қазақстанның шетелдегі әскери өкілдерінің құқықтық мәртебесін нақтылау көзделген.

Сонымен қатар, БҰҰ-ның халықаралық миссияларына қатысатын әскери қызметшілерге БҰҰ төлемдерін алу тетігін жеңілдету ұсынылады.

- Аталған цифрлық рейтингіні енгізу қандай мәселелерді шешуге арналған?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жыл 2 қазан күнгі Жолдауында көрсетілген кадрлық әлеуетті арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру міндеттерін орындау мақсатында жоғары әскери лауазымдарға кандидаттардың цифрлық рейтингін енгізу ұсынылады.

Цифрлық рейтинг - цифрлық кадрлық жүйе арқылы қалыптастырылатын, әскери қызметшінің кәсіби әлеуетін көрсететін сандық көрсеткіш (Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органының әскери қызметшілерін қоспағанда). Ол кәсіби құзыреттерге, әскери лауазым үшін маңызды негізгі көрсеткіштерге және кәсіби жетістіктер туралы объективті деректерге негізделеді.

Бұл жүйе ең алдымен кадрлық шешімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, жоғары лауазымдарға тағайындау барысында субъективті факторды азайтып, қызметте ілгерілетудің ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

- Заң жобасындағы әскери қызметті өткеру және әскерилерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін нормаларға тоқталсаңыз...

- Иә, заң жобасында әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге, қызмет өткеру жағдайларын жақсартуға және олардың материалдық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар нормалар көзделген. Өзгерістер әскери қызметшілерді күнделікті қамтамасыз ету мәселелерін де, ерекше жағдайларда міндеттерді орындау кезіндегі қосымша қолдау шараларын да қамтиды.

Мысалы, казарма жағдайында немесе карантиндік іс-шараларға тартылған әскери қызметшілерді толыққанды тамақпен мемлекет есебінен қамтамасыз ету ұсынылады. Бұл шара қызмет өткеру үшін тиісті жағдай жасауға, жауынгерлік әзірлікті сақтауға және жеке құрамның денсаулығын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, жоғары жүктеме мен шектеу жағдайларында әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, төтенше жағдайларды жою, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге тартылатын Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне үш еселенген ақшалай үлес төлеу көзделеді. Бұл олардың жоғары тәуекел, психологиялық және физикалық жүктеме жағдайында қызмет атқаруына байланысты ұсынылып отыр.

Мұнымен қоса, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес, қарамағына шығарылған (лауазымынан уақытша шеттетілген) әскери қызметшіге ең төменгі жалақы мөлшерінде ақшалай төлеммен қамтамасыз ету қарастырылған. Қазіргі уақытта мұндай әскери қызметші жалақысыз қалады.

Тағы бір маңызды норма - 25 жыл және одан да көп еңбек сіңірген әскери қызметшілерге өз қалауы бойынша қызметтен босау мүмкіндігін беру.

Ұсынылған нормаларда ҚР Қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктерінің халықаралық ұйымдардағы қызметін регламенттеу қарастырылған ба? Мұнымен қоса, құжатта қазақстандық бітімгерлерді қолдау тетігінде түзетулер бола ма?

- Әскери өкілдер институты Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы және шетел мемлекеттерінің әскери ынтымақтастық органдарындағы мүдделерін қорғайды. Осыған байланысты олардың қызметін заңнамалық тұрғыда реттеу және оларға дипломатиялық артықшылықтарды, сондай-ақ еңбекақы, еңбек жағдайлары, әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету мәселелерін Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы заңнамасына сәйкес қолдану ұсынылады.

Бітімгерлік қызметке қатысты, БҰҰ миссияларына қатысатын қазақстандық әскери қызметшілерге төлемдер тетігін жеңілдету, яғни олардың еңбекақысын уақтылы және кідіріссіз алуы көзделеді.

Осы мақсатта БҰҰ-ның әскери құрам ұсынғаны үшін мемлекетке төлейтін қаражатын тікелей Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің шотына аудару ұсынылады. Қазіргі уақытта бұл қаражат республикалық бюджетке түседі. Сондықтан БҰҰ-мен бірлескен миссияларға қатысты халықаралық шарттарға (мысалы, Ливанға немесе Голан жоталарына жіберу кезінде) тиісті нормаларды енгізу қажет болады, алайда мұндай келісімдерді ратификациялау ұзақ уақыт алады. Бұл өз кезегінде төлемдердің уақтылы жүргізілуіне кедергі келтіреді.

- Заң жобасы аясында ҚР Қарулы күштерінің Арнаулы операциялар күштеріне арнаулы мақсаттағы бөлімше мәртебесін беруге, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігіне Арнаулы операциялар күштерінің жедел мақсаты мен міндеттерін айқындау функцияларын беруге бағытталған түзетулер енгізілетіні мәлім болды. Бұл қадамдар қандай мәселелерді шешуге бағытталған?

- Бұл түзетулер Арнайы операциялар күштерінің қызметін басқару жүйесін және құқықтық реттелуін жетілдіруге, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке қатысты міндеттерді орындау кезінде шешім қабылдаудың жеделдігін арттыруға бағытталған.

«Қазақстан Республикасының Қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңның 18-бабының 2-тармағына сәйкес, Қарулы Күштер терроризмге қарсы операцияларға тартылуы мүмкін, ал осының аясында Арнайы операциялар күштері тиісті күштер мен құралдарды бөледі. Дегенмен қолданыстағы заңнама олардың арнайы мәртебесі мен қолдану ерекшеліктерін толық деңгейде айқындамаған.

Осыған байланысты Арнайы операциялар күштеріне жүктелген міндеттердің сипатын ескере отырып, оларға арнайы мақсаттағы бөлімше мәртебесін заңнамалық түрде беру ұсынылады. Бұл қолданыстағы құқықтық олқылықты жоюға, басқару жүйесінің икемділігін арттыруға және заманауи қауіп-қатерлерге ден қою кезінде жедел шешім қабылдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.