Әскерге шақырылғандарды көшеден ұстап әкетуге тыйым салдық — Қарулы күштердің Бас штаб өкілі
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында әскерге көшеден ұстап әкетуге толықтай тыйым салынғанын мәлім етті.

БАҚ өкілі әскерге шақырылғандарды көшеден ұстап әкетуге қашан тыйым салынатынын сұрады.
— Бұл тақырыпқа бірнеше рет брифинг те өткізген болатынбыз. Биыл жергілікті атқарушы органдардың әскери басқармаларына әскерге шақырылғандарды көшелерден, ойын орындарынан, қоғамдық орындардан ұстап әкетуге тыйым салдық. Осы туралы министрдің бұйрығы бар. Ал біз бұйрықты талқыламаймыз, орындаймыз, — деді Фархат Айдарбаев.
Сондай-ақ, ол әскерден жалтарғандар 1 жыл сотталуы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар Шетелде қашықтан білім алу әскерден жалтаруға негіз бола алмайды.