Әскери азық-түлік пайының құнын есептеу тәсілі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет армияның азық- түлік пайына құн тағайындаудың тәсілдерін өзгерту жолдарын пысықтап жатыр. Оның ішінде өз-өзін қамтамасыз ету тетігі де зерттеліп жатыр.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауабында айтылған.
— Қорғаныс министрлігінің жанынан арнайы құрылған жұмыс тобы азық-түлік пайының құнын арттыру және оны есептеу әдістемесін жетілдіру мәселелерін қарастырып жатыр. Бұл топтың құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі, «Атамекен» ҰКП) өкілдері кіреді.
Жұмыс тобы азық-түлік пайының құнын қайта есептеу мәселесімен 2023–2024 жылдардағы статистикалық деректердің өзгерісін ескере отырып айналысып жатыр. Сонымен қатар, пайды есептеу тәсілін қайта қараудың бірыңғай тәсілдері, оның ішінде өзін-өзі қамтамасыз етуге көшу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр, — дейді Олжас Бектенов.
Премьер-министр жалпы бұл мәселе мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жетілдірілетінін еске салады.
— Бұған қоса, жұмыс тобы азық-түлік пайының құнын инфляция мен бағаның өсуіне қарай тұрақты түзетіп отыратын механизмді әзірлеу және тамақтандыруды ұйымдастыруға қоғамдық ұйымдардың тарапынан бақылау орнату мәселелерін де қарастырып жатыр.
Жаңа тәсілдерді енгізу елдегі экономикалық жағдайдың дамуы мен республикалық бюджеттің мүмкіндіктері ескеріле отырып жүзеге асырылады, — деп жазылған жауапта.
Бұған дейін Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына берген жауабында Қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту қорының жарғылық капиталын көбейту туралы бюджеттік өтінім әзірленгенін мәлім еткен болатын.