Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әскери борышын өтеген жастарға мемлекеттік білім гранты беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға берілетін білім беру жеңілдіктері кеңейтілді. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді. 

Әскери борышын өтеген жастарға мемлекеттік білім гранты беріледі
Фото: Қорғаныс министрлігі

— 2025 жылдан бастап мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға толыққанды мемлекеттік білім беру гранттары беріледі. Грант иегерлері жоғары оқу орындарында тегін білім алып, мемлекеттік шәкіртақы мен жатақханадан орын алу мүмкіндігіне ие болады. Мерзімді әскери қызметтен кейін жоғары оқу орнына түскен азаматтар конкурсқа қатыспай-ақ әскери кафедрада запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша тегін білім ала алады, — деді спикер.

Департамент басшысының сөзінше, конкурстық іріктеудің нәтижелері «Срочники 2.0» платформасында және жобаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады. Оқуға қабылдау туралы сертификаттың бар-жоғын платформаның «Іздеу» бөлімі арқылы жеке деректерді енгізіп тексеруге болады.

Айта кетейік, бұл жоба Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бастамасымен 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Еске салайық, әскери колледж түлектері ҰБТ-сыз әскери институтқа түсе алады.