Әскери қызметшілердің рационына жылқы еті қашан қосылады — Жұманғарин жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әскери қызметшілердің рационына жылқы еті қашан қосылуы мүмкін екенін айтты.
— Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері жылқы етін әскери қызметшілердің рационына қосу мәселесін қолдайды Оның жоғары биологиялық құндылығын және жеке құрамның физикалық жағдайына ықтимал оң әсерін атап өтеді. Сонымен қатар, тиісті шешім қабылдау кешенді ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етеді. Объективті деректерді алу мақсатында макро және микроэлементтердің, биологиялық белсенді заттардың құрамын, калориялылығын, тағамдық құндылығын, сіңімділігін, витаминдер мен минералдардың құрамын бағалау, тұтынудың оңтайлы нормаларын айқындау үшін Қазақ тамақтану академиясының қорытындысы қажет, — деді ол.
Вице-премьердің пайымынша, аталған зерттеулердің нәтижелері жылқы етін әскери қызметшілердің рационына енгізудің ұсынылатын көлемін негізді анықтауға, оның физикалық төзімділікке және жоғары жүктемелерге бейімделуіне әсерін бағалауға, әскери бөлімдер жағдайында өнімді сақтау мен дайындаудың технологиялық регламенттерін әзірлеуге мүмкіндік береді.
— Тиісті мәселелерді әскери ведомстволар белгіленген тәртіппен пысықтайтын болады, — деді Серік Жұманғарин.
Бұған дейін мектеп асханасы мәзіріне жылқы еті қосылғанын жазған едік.