«Әскери құрылыс» АҚ басшысы 8 жылға сотталды

әскери құрылыс
Фото: gov.kz

«Әскери құрылыс» АҚ президенті Е.Тәжиденов пен оның туған ағасы 8 жылға сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлім етті, деп хабарлайды Кazinform.

«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Әскери құрылыс» АҚ-ның бұрынғы президенті Е.Тәжиденовтың және басқа да адамдардың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты үкім шығарды.

Сот үкімімен Е.Тәжиденов, оның туған ағасы және бағыныштылар 8 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді ресми өкіл.

Оның дерегінше, сотталғандар өздерінің бақылауындағы «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-ның қаржылық және корпоративтік қызметіне жауапты болған.

«Сотталғандар ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық жасады және қатысты деп айыпталды. Топ аффилирленген компаниялармен жалған шарттар жасасу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру үшін құрылған. Залалдың жалпы сомасы 596 млн теңгені құрады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді Арман Тілеукенов.

Бұдан бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Әскери құрылыс» АҚ бұрынғы президенті Е. Тәжиденовтің және басқалардың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар