Әскери-медициналық қызмет көрсету ережелері өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрі 2026 жылғы 28 мамырдағы бұйрығымен ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери-медициналық қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Атап айтқсақ, әскери қызметшілерге әскери-медициналық мекемелерде (медициналық бөлімшелерде) медициналық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны жөнінде жаңа тармақ енгізілді.
Стационарлық жағдайларда медициналық көмекті көрсету, медициналық тексерулер жүргізу, санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету, әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу әскери-медициналық мекемелер (медициналық бөлімшелер) арқылы, соның ішінде басқа денсаулық сақтау ұйымдарынан медициналық қызметтерді сатып алу арқылы да жүзеге асырылады.
Амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсету әскери-медициналық мекемелерде (медициналық бөлімшелерде) басқа денсаулық сақтау ұйымдарынан қызмет сатып алмай-ақ жүзеге асырылады.
Егер әскери-медициналық мекемеде тиісті бөлімдер, мамандар немесе арнайы жабдықтар болмаса, әскери қызметші өзі тіркелген жері бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымына жіберіледі.
Сондай-ақ парашютпен секіру кезіндегі медициналық қамтамасыз ету мыналарды қамтиды:
• әскери қызметшілердің парашютпен секіруге жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік сараптама қағидаларына сәйкес медициналық тексеруден өткізу;
• жердегі дайындық сабақтарын өткізу барысында медициналық бақылауға қатысу: құрал-жабдықтардың, тренажерлердің, ұшақ макеттерінің, аспалы жүйелерге арналған стендтердің, парашюттік трамплиндердің жарамдылығы, сабақ жетекшілерінің болуы, күрделі жаттығулар кезінде сақтандырудың дұрыстығын тексеру;
• жерге қону алаңын бақылауға қатысу: терең шұңқырдың, ағаш түбірінің, тастың болмауы, қауіпсіз аймақтың болуы, ғимараттар, теміржолдар, электр желілері, ірі су қоймалары және басқа да қауіпті кедергілерден бос болуы;
• парашютпен секіруді медициналық қамтамасыз ету үшін күштер мен құралдарды дайындау, бөлу және орналастыру;
• секіру алдында медициналық тексеру жүргізу және денсаулық жағдайы бойынша рұқсат беру, сондай-ақ секіру алдында ішек пен қуықты босатудың маңыздылығын түсіндіру;
• жазатайым жағдайлар кезінде медициналық көмек көрсету және зардап шеккендерді емдеу мекемесіне эвакуациялау.
Парашютпен секіруді медициналық қамтамасыз ету үшін құрамында дәрігер, фельдшері (медициналық мейіргер) бар санитарлық автокөлікпен медициналық бригада бөлінеді. Әр секіруден кейін жарақаттарды анықтау мақсатында сұрау және сырттай тексеру жүргізіледі.
Парашютпен секіруді ұйымдастыру кезінде кезекші дәрігер мен фельдшер (мейіргер) келесі талаптардың сақталуын тексереді:
• тамақтан кейін кемінде бір сағат өткен соң секіруді орындау;
• секіру аяқталғаннан кейін демалыс беру;
• климаттық және ауа райы жағдайларына сәйкес киім мен аяқ киімнің сәйкестігі.
Сондай-ақ стационарлық жағдайда әскери-медициналық көмек штаттық керуеттері бар медициналық бөлімшелерде, сондай-ақ медициналық қызметке лицензиясы бар әскери-медициналық мекемелерде көрсетілетіні атап өтіледі.
Еске салайық, бұған дейін Қорғаныс министрі әскери қызмет қауіпсіздігі мен тәртіпті күшейтуді тапсырған еді.