Әскери оқу орындары eGov.kz порталы арқылы өтінім қабылдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Енді қазақстандық әскери жоғары оқу орындары оқуға өтінімді eGov.kz порталы арқылы қабылдайды. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Әскери оқу орындарына eGov.kz порталы арқылы өтінім қабылдайды
Фото: Қорғаныс министрлігі

eGov.kz порталында Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына талапкерлерге оқуға түсуге өтініш беру қызметі қолжетімді.

- Жүйе алдымен барлық жеке деректі (медициналық деректер, созылмалы аурулар және алынған инфекциялар) тексереді, сондай-ақ сотталмағанын тексеру сұранысын жібереді. Егер адам сотталмаған болса, жауап 10 минуттың ішінде келеді. Содан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан арнайы тексеруден өту үшін сауалнаманы толтыру қажет. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру үшін №075 нысанды анықтаманы алдын ала алу және өмірбаянын дайындау ұсынылады, - делінген хабарламада.

Көптеген дерек (мекенжай, фотосурет, жақындары туралы мәліметтер) мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде жүктеледі, қалғанын қолмен қосуға болады.

Өтініш беру үшін:

1. eGov.kz порталында тіркеліп, «Азаматтарға» - «Әскери есепке алу және қауіпсіздік» - «Әскери қызмет» бөліміне өтіңіз.

2. «Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарына кандидаттарды қабылдау» қызметін таңдап, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басыңыз.

3. Қажетті деректерді толтырып, өтінішке қол қойыңыз.

4. Нәтиже жеке кабинетте «Қызмет тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.

Ұшқыш мамандығы үшін куәландыруға дейін 30 күннен кешіктірмей алынған медициналық қорытынды талап етіледі. Қорытынды (оның себебін көрсете отырып қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту) жеке кабинетке келеді. Қызмет мерзімі — 200 күнге дейін. Құжаттың толық тізімі және егжей-тегжейлі нұсқаулық — eGov.kz сайтында.

Айта кетейік, eGov Mobile арқылы қазақстандықтар жеке деректерінің таралу жағдайын тексере алады. 

Сондай-ақ eGov порталының көмегімен заңсыз тіркелген SIM-картаны анықтау мүмкіндігі бар. 

Соңғы жаңалықтар