Әскери шеруді тамашалағысы келген адамдар «Қазақ елі» ескерткіші алдындағы алаңға дейін арнайы автобустармен тегін барады
АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ Тамыздың 30-ы күні (сағат 11.00) Қазақстан Республикасы Конституциясы күнін мерекелеуге арналған әскери шеруді тамашалағысы келген адамдар «Қазақ елі» ескерткіші алдындағы алаңға дейін арнайы автобустармен тегін барады.
Қала әкімшілігі мен Автобустар паркі астаналықтар мен Елорда қонақтары үшін осындай игі шараны ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Арнайы рұқсат берілген автобустар әскери шеруді көргісі келетіндерді қаланың бірнеше тұсынан тасымалдайтын болады. Атап айтқанда, Республикалық Ұлан, Отан қорғаушылар мемориалының аялдамаларынан, «Жастар» сарайы, Цирк, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры ғимараттары мен Бәйтерек кешені жанынан автобустар жүреді. Сол секілді ескі Орталық алаң мен «Жас ұлан» республикалық мектебі тұсынан да автобустар қатынайды.
Айта кету керек, осындай тыңғылықты ұйымдастырылған шара биыл шілденің 3-і күні жаңа стадионның ашылуында жүзеге асқан болатын.