АСПАНДИЯРОВ БІЛӘЛ

Аспандияров Біләл (1886-1958) - ағартушы-ғалым, тарихшы және лингвист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі. Қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданында туған.

АСПАНДИЯРОВ БІЛӘЛ

Ыбырай Алтынсарин ұйымдастырған Қостанайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, Орынбордағы мұғалімдер мектебін, 1931 жылы Қазақ педагогикалық инсититутының тарих-экономика факультетін бітірген.

1909-1923 жылдары Қостанай уезінде ауылдық мектептің мұғалімі болған. Бұл жылдары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омарұлы, Смағұл Сәдуақасов секілді Алаш арыстарымен тығыз қарым-қатынас жасаған. Жиырмасыншы жылдардың басында уездік оқу-ағарту комитетінің мүшесі болып тағайындалады. Қостанай өңірінде жаңа мектептер ашуға белсене ат салысқан Біләл Аспандияров мұғалім кадрларын даярлайтын арнайы оқу орны қажет екенін алға тартып, 1923-1925 жылдары Қостанай педагогикалық техникумының ұйымдастырушысы, оның директоры болып тағайындалған. 1925-1930 жылдары Алматыға Жетісу халық ағарту губерниялық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Мәскеуде өткен халық ағарту бөлімдері меңгерушілері Бүкілресейлік сьезіне делегат болып қатысқан. Кейінгі жылдары Ағарту институтының, жоғарғы оқу орындарының оқытушысы, КСРО Ғылым Академиясы қазақ филиалының, Қазақ ССР Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарады. Ғалым ұстаз сырттай оқитын қазақ шәкірттеріне арналған орыс тілі сабақтары кітабының, есейіп кеткен қазақтарға арналған орыс тілін өз бетімен оқып-үйренуге арналған оқу құралының және бастауыш мектептерге арналған орыс тілі оқулығының авторы.

Ол алғашқы «Орыс-қазақ сөздігін», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі. Қазақ тіліне тұңғыш рет «Логика» оқулығын аударған.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том.