«Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең...» кеші өтеді

Ол Жазушылар және Журналистер одақтары мүшесінің шығармашылық қызметінің 20 жылдығы мен «Жалын» баспасынан жарық көрген «Көкжиекке сіңген жол» атты жыр жинағының жарық көруіне орайластырылып отыр. «Дарын» жастар сыйлығының лауреатыЖанарбек Әшімжан жүргізетін бұл кешке Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Роза Әлқожа, Тілеулес Құрманғалиев, Қадырғали Көбентай, Ербол Құдайберген, Ермек Балжігіт және «Шарын», «Серілер», «Ғасыр», «Айтұмар» топтары мен «Жас өркен» би ансамблі қатыспақ.
Алмат Мұратұлы 1976 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келіп, Алматы облысы Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы орыс орта мектебінде, аудандық Музыка мектебінің домбыра сыныбында білім алған. Еңбек жолын №2 Кеген орта мектебінде музыка пәні мұғалімі ретінде бастаған ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін сырттай бітіріп, Республикалық оқушылар сарайында қызметкер, «Алматы ақшамы», «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны», «Қазақ университеті», «Жас қазақ үні», «Алаш айнасы» газеттері мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, Қазақ радиосында, «Елорда» баспасында және Қазақ-Британ университетінің редакциялық-баспа бөлімінде түрлі қызметтер атқарды. Өлеңдері «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енді, сондай-ақ «Отырар кітапханасының» тұңғыш сериясымен жарық көрген «Жолдар, жолдар...», «Көңілалаң», «Көкжиекке сіңген жол» деген атпен жарық көрген кітаптардың авторы. Әдеби аударма саласында да Ж.Әміре, М. Джевдет, А. Тимучин, О. Рифат есімді түрік шайырлары мен А.Пушкин, С.Есенин, М.Лермонтов, И.Северянин, И.Анненский сынды орыс ақындарының және О. Сүлейменовтің бірқатар шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Өнер додасында Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты болып, бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері және Ілияс Жансүгіровке арналған республикалық мүшайрада Сайын Мұратбеков атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды.