Астана-1 вокзалының жаңа келбеті: қайта жөндеуден кейін ғимарат қандай болмақ
АСТАНА. KAZINFORM - Астананың ескі вокзалын заманауи талаптарға сай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде вокзалдың жаңа эскиздері ұсынылып, реконструкция жобасы аясында ғимарат аумағын 8692,8 шаршы метрге дейін ұлғайту көзделген.
Жоба бойынша эскалаторлар мен лифтілер ауыстырылып, жолаушыларға арналған перрондардың үстіне арнайы қалқалар орнатылады.
Бірінші және екінші қабаттарға қосымша құрылыс салу есебінен вокзал аумағы 582 м2-қа артады. Ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлігі отқа төзімді, вандалға қарсы және тозуға төзімді материалдармен қапталады.

- Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары 95%-ға аяқталып, жалпы құрылыс-монтаж жұмыстарының 24%-ы орындалды, - дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөзі.
Сондай-ақ, ҚТЖ мәлімдеуінше, вокзалдағы ауқымды жөндеу жұмыстары тек ғимараттың ішін ғана емес, көлік қозғалысын да қамтиды.
Осыған байланысты 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап Астана-1 станциясы арқылы өтетін электропоездардың кестесі өзгерді.

Жөндеу жұмыстары кезінде жолаушыларға келесі кестені ескеру ұсынылады:
- №6829 «Сороковая -Көкшетау» -07:40 (аттану)
- №6830 «Көкшетау -Сороковая» -19:50 (келу)
- №6829 «Сороковая -Ерейментау» -20:30 (аттану)
- №6831 «Ерейментау -Сороковая» -07:15 (келу)
- №7507 «Нұрлы Жол – Көкшетау» -06:07 (аттану)
- №887 «Нұрлы Жол -Бурабай курорты» -10:35 (аттану)
- №7502 «Нұрлы Жол -Павлодар» -16:50 (аттану)
- №6803 «Нұрлы Жол -Атбасар -Нұрлы Жол» -08:15 (аттану).

Еске сала кетейік, Астана-1 вокзалының жаңа бөлігінің реконструкциясы қазанның соңына дейін аяқталатынын жазған едік.
Бұған дейін елімізде 40 жыл бойы жөндеуден өтпеген вокзалдар жаңа келбетке ие болатыны туралы хабарладық.