«Астана-АЭК» электр энергиясы тарифін өзгертпек

электр қуаты
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

«Астана-АЭК» АҚ электр энергиясы тарифін 13,6 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Осыған орай бүгін Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінде жария тыңдау өтті, деп хабарлайды Kazinform.

«Тарифті 13,6 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз. Ол стратегиялық тауарлар, яғни электр энергиясы, қызмет көрсетуге кететін шығынды талап ететін энергия нысандарын балансқа алу құнының көтерілуіне байланысты. Сонымен қатар жалақы көтеру, индекстеу, желілерді жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламалар үшін қосымша инвестициялау, кабель желілерін ауыстыру және трансформатор стансаларын жаңарту жүріп жатыр. Биыл бірыңғай сатып алушының енгізілуіне байланысты электр энергиясын сатып алу моделі өзгерді. Біз бірыңғай сатып алушы ұсынған бағамен электр энергиясын сатып алуға мәжбүрміз», — дейді «Астана-АЭК» АҚ басқармасының төрағасы Руслан Әбжанов.

Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінің мәліметінше, жария тыңдау қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен ескертулер қаперге алынып, түпкілікті шешім қабылданады.

Оң шешім қабылданған жағдайда «Астана-АЭК» АҚ-тың электр энергиясы тарифі 6,50 теңге/кВат сағаттан 7,39 теңге/кВат сағатқа дейін көтеріледі.

Соңғы жаңалықтар