Астана әкімдігі 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша алғашқы қоныс той иелерінің тізімін жариялады

Осы бағдарламаны жүзеге асырудың аясында шілденің 23-і мен тамыздың 5-і күндері тұрғын үй комиссиясының мәжілістері өтіп, онда «бала-шағасы бар жас отбасы», «мемлекеттік қызметкерлер», «мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері» және «мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік емес қызметкерлері» санаттары бойынша салынып біткен үйлерден баспана алатындардың тізімдерін бекітті. Осылайша, бүгінгі таңда комиссия 1372 жаңа қоныс иелерін бекітті.
«Тұрғын үй комиссиясы баспананы өтініш берушілердің еңбек өтілдері бойынша жинаған балдары мен жас отбасылардың бала сандары бойынша жиналған балдардың саны бойынша үлестірді», делінген әкімдіктің ақпаратында.
Өтініш берушілер, бекітілген тізім бойынша, сату-сатып алу шарттарына отыру үшін Астана қалалық тұрғын үй басқармасына шақырылады.
Сайтта, сондай-ақ қалған үйлердің құрылыстары біткен соң біртіндеп өткізілетін тұрғын үй комиссиясының отырыстарында келесі 4240 өтініш иелерінің пәтерлерін үлестіру жоспарланып отырғаны атап көрсетілген.