Астана әкімі қаңғыбас жануарлармен күресе бастады
Ережеде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою тәртібі, ауланған жануарларды тасымалдау, оларды уақытша оқшаулағышқа жеткізу және ұстау, оларды иелеріне қайтару, иесі табылмаған жағдайда көздерін жою тәртібі мен Қағида талаптарын бұзғаны үшін жауапкершіліктер туралы жазылған.
Мәселен, елордада қаңғыбас жануарларды аулауды, уақытша ұстау мен тасымалдауды тек мамандандырылған ұйымдар жүзеге асыратын болады. Ауланған жануарлар арнайы торлармен жабдықталған, мамандандырылған ұйымның белгісі мен телефон нөмірі бар автокөлікпен тасымалданады. Бұл ретте, ұсталған иттер мен мысықтардың денсаулығына жарақат не басқа зиян келтіріп алмау жағы мұқият қадағаланатын болады.
Уақытша ұстау оқшаулағышына жеткізілген жануарларды тіркеп, азықтандырудан бастап өзге де күтімдерді мемлекеттік тапсырыс аясында мамандандырылған ұйым жүзеге асырады. Мақұлықтар клиникалық тексерістен өткенен кейін бір торға бір жануардан орналастырылады.
Ал ауланған иттер мен мысықтардың иелері табылып жатқан жағдайда, азаматтар жеке куәлігімен қоса, жануарының да ветеринарлық паспортын ала келуі тиіс.
Ережеге сай, сұраныс болмаған қаңғыбас жануарлар үшінші жаққа немесе мемлекеттік жануарлар баспанасына өткізіледі. Олар жойылмас бұрын Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, медикаментоздық жолмен жансыздандырылуға жатады. Қаңғыбас жануарлардың өлекселерін жою арнайы пеш қойылған мамандандырылған ұйымның базасында іске асырылады.
Ереженің талаптарын бұзған тұлғалар немесе ұйымдар ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Ал оны қадағалау мәслихат депутаттарынан құралған қамқоршылық кеңеске жүктелді.
Астана қаласыда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Ережесінің толық мәтіні «Астана ақшамы» газетінде жарияланды.