Астана әкімі қаладағы жұмыс кестесінің өзгеруіне қатысты пікір айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жұмыс кестесінің өзгеруінен болған оң нәтиже бір айдан кейін жарияланады. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
Бүгін Мәжілістегі парламенттік тыңдау алдында тілшілер әкімнен елордадағы жаңа жұмыс кестесі қандай нәтиже беріп жатқанын сұрады.
— Жаңа кестеге көшу бір ай бойы жүзеге асырылады, яғни мемлекеттік органдар қамтылады. Бір айдан кейін нақты көшелер бойынша, қазіргі көлік қозғалысы жайында мәлімет береміз. Бұл тұрғыда осыған дейінгі көрсеткішпен салыстырып, толық ақпаратты жариялаймыз. Себебі, бұл процесс енді ғана басталып жатыр. Қазір алты-жеті мемлекеттік орган жаңа кестеге ауысып үлгерді. Жалпы, осы процесс жоспардағыдай жүріп жатыр, барлығына тиісті уақыт берілді, — деді Ж. Қасымбек.
Оның айтуынша, әкімдіктің қарамағындағы мекемелер бұл өзгерісті жақсы қабылдап, түсініп отыр. Осыған қатысты әкімдікте нарызылық пен ренішін білдіргендер болмаған.
— Бәріміз жұмыс істеп жатырмыз. Біреулері 15 минутқа кеш келсе, қалғандары жұмысқа ерте кірісіп жатады. Әр адамның жағдайын түсінеміз және икемді жұмыс нұсқаларын ұсынамыз. Сондықтан ешқандай шағым түскен жоқ, — деді қала әкімі.
Еске салсақ, жақында Астанада көлік кептелісін азайту үшін бірқатар ұйымның жұмыс кестесі өзгертіледі.
Қала әкімдігінің мәліметінше өзгерістер қала орталығында орналасқан мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты болады.
Атап айтқанда, 15 қыркүйектен бастап қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс күні таңғы 7:30–да басталады, Астана әкімдігінің қызметі — 7:30, кейбір мемлекеттік органдар мен жартылай мемлекеттік компаниялар — 7:30–8:00 аралығында бастайды. Жұмыс уақытының аяқталу сағаты да сәйкесінше өзгертіледі. Жеке сектор, бизнес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, ХҚО және басқа әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесі өзгермейді.
Айта кетейік, кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдардың жұмыс күні бұрыннан 8:00–де басталады.