Астана әкімі коммуналдық тариф туралы: Баға бір орнында тұрмайды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада сарқынды су мен электр тарифінің қымбаттауына байланысты пікір білдірді.

— Былтырдан бері астаналықтар коммуналдық қызметке көп шығындалатындарын айтып, шағымданып жүр. Соған қарамастан жуықта сарқынды су мен электр тарифінің қымбаттайтыны белгілі болды. Бұл онсыз да тарифтің қымбаттығына шағымданып жүрген жұрт үшін жығылған үстіне жұдырық болмай ма, — деп сұрады журналист.
Жеңіс Қасымбек қаланың ауқымы өсіп, тұрғындар көбейген сайын коммуналдық қызметпен қамту шығындары артып жатқанын айтады.
— Оны салыстыру керек. Соңғы рет тариф қашан өзгерді. Мысалы, ауызсудың 1 текше метрі бізде 60-70 теңге болатын. Ал көрші өңірлерде су бағасы 150-200 теңге болды. Астанада бірнеше жыл қатарынан коммуналдық бағалар өзгермеді. Соңғы жыл, енді бәрібір өзгеру керек қой. Бір деңгейде бәрібір тұрмайды. Мысалы автобустың бағасын былтыр 90 теңгеден 110 теңгеге өзгерттік. 90 теңге деген баға 2014 жылдан бері, 10 жыл бойы сақталып келген. Жалпы бізде соңғы 4-5 жылда баға бойынша үлкен өзгерістер болған жоқ. Енді кейінгі 1,5 жылдың ішінде біз бағаны бір деңгейге көтеріп жатырмыз. Жалпы Қазақстан бойынша айтсақ, біздің тарифтер өзге өңірлерге қарағанда орташа деп айтуға болады. Электр бағасы да республикалық орташа бағамен қарайлас. Қазір қоғамдық тыңдау өтіп жатыр. Сол кезде нақты белгілі болады, — деді әкім.
Еске салсақ, «Астана — өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ электр энергиясының шекті тарифін 1 киловатт-сағатына 31,67 теңгеге дейін көтеруді ұсынып отырғанын жазған едік.
Сондай-ақ, елордада сарқынды суға қатысты тариф өсуі мүмкін.