Астана әкімдігі фельдшер Ұлдана Мырзуанның отбасына жәрдемдеседі
АСТАНА. KAZINFORM — Астана әкімдігі қаза тапқа қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Мырзуан отбасына материалдық көмек көрсетеді.
Қаза тапқан фельдшердің отбасына жан-жақты қолдау көрсету жоспарланған, оның ішінде материалдық көмек көрсету және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға байланысты шығындарды өтеу қарастырылған. Сондай-ақ белгіленген тәртіппен сақтандыру бойынша өтемақы төленетін болады, – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астананың Алматы ауданында, Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіштен жасалған сыртқы қаптама мен кондиционер қондырғысы құлап, бес адам зардап шеккенін жазған болатынбыз.
Кейін ғимарат опырылғанда зардап шеккен фельдшердің жағдайы өте ауыр екені айтылды.
Ал бүгін медицина қызметкері көз жұмды.
Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.