Астана әкімдігі тағы да скверге қажетті жер сатып алуға бюджеттен ақша сұрап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астана әкімдігі скверге қажетті жер сатып алуға бюджеттен ақша сұрап отыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңестің отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева мәлім етті. 

Астана әкімдігі тағы да скверге қажетті жер сатып алуға бюджеттен ақша сұрап отыр
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Басқарма басшысы 2025 жылға бекітілген қала бюджетіне құрылыс саласы бойынша ғана қосымша 32 млрд теңге керек екенін айтты.

Оның ішінде Қараөткел тұрғын алабында, Қабанбай Батыр, Бұқар жырау, Е522, Е679, Е682 көшелерінде 9 мектеп салу жобасы да бар.

Сондай-ақ, Айжан Түгелбаева құрылысқа қажетті жер телімдерін сатып алуға қосымша ақша керек екенін айтты.

— Баспана және тұрғын үй инспекциясы басқармасына қосымша 7 млрд 714,5 млн теңге бөлінді. Оның ішінде мемлекет қажеттілігі үшін білім беру нысандарын, жол-көлік инфрақұрылымы мен скверлер салуға арналған жер телімін алып қоюға 7,5 млрд теңге көзделген, — деді ол.

Бұған дейін Астана әкімдігі 176 млн теңгеге сатылған жерді қайтадан 1,08 млрд теңгеге сатып алмақшы болғанын жазған едік.  Кейін бұл қоғамда дау туғызып, әкімдік бұл шешімнен бас тартқанын мәлім еткен еді. 

Соңғы жаңалықтар