«Астана – әлем қаласы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 3 шілде, бейсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Астана – әлем қаласы» - баспасөзге шолу

***

1997 жылы Қазақстанның әкімшілік басқару орталығын Ақмолаға көшіру, яғни республика астанасын ауыстыру туралы заңдық күші бар құжатты қабылдауға қол көтерген депутаттардың талайы «бұл мемлекетіміз ақша жағынан мүлде қиын жағдайда тұрған кезінде, экономика даму арнасына түспей тұрған кезінде жүзеге аспайтын бос қиял» ретінде қабылданып еді деп еске алды кейіннен. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Астана - әлем қаласы» атты мақаласында жазады.

Басылымның жазуынша, тіпті Мемлекет басшысының атқарушы билік бойынша үзеңгілес серіктері де «Астананың ауысуы орындалмайтын арман секілді көрініп еді» дейді. Бірақ 1997 жылы мемлекеттік басқару жүйесі Алматыдан қотарыла көшуді бастады да, қыс ішінде Ақмоланың қақаған аязында жаңа қоныста жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды. Дәл сол тұста ешкім де астана бүгінгідей күн сайын құлпыра түсетін қалаға айналып шыға келеді деп ойламаған шығар. Сарыарқа төсінде қала құрылысы ғылымының ХХІ ғасырдағы ең озық үлгілерінің бірі өмірге келді.

Мақала «Өз аяғымен келген жоба», «Шетел қаржысына салынған қала», «Әлемді түйістірген Астана», «Өнер мен спорт мекені» деген тақырыпшаларға бөлініп, әрқайсысында Астананың көп қыры ашылған. Мақала авторы сөзін қорытындылай келе, «Сақ пен скиф жайлы әлемнің білгені, әлемдік дуалы ауыздардың жақсы сөз айтқаны бұдан 2 мың жылдардың ар жағында еді. Одан кейінгі дүрілдеген Отырар күйреген соң біздің текті әлемнің құрметтегені шамалы. Шыңғысхан қылышынан қорыққандар болған шығар, бірақ құрмет болды деп айту қиын. Қазақ атауы XV ғасырда шыққан дейді. Содан бері де бес ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бірақ Астана дәуірі басталғаннан бергідей танымалдық пен құрмет ешқашан да болған жоқ. Тәңірім құрметімізді көбейте бергей», - дейді.

Осы басылымның жазуынша, Астана қаласы әкімдігінің қала күні құрметіне ұйымдастырған «Мәңгілік ел - ұлт мұраты» атты дәстүрлі мүшәйрасы мәресіне жетті. Биыл төртінші жыл өткізілген жыр бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен жетпістен аса ақын қатысыпты. Қытай мен Моңғолиядан да бақ сынағандар бар. Мәңгілік елдің жыршылары арасынан топ жарып, озып шыққандар күні кеше Астанадағы Конгресс хол сарайында салтанатты жағдайда марапатталды.

Академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия Ұлттық университетінің Филология кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов төрағалық еткен қазылар алқасы бас жүлде - 2,5 мил­лион теңгені семейлік ақын, Мемлекет бас­шысына жыр арнаған Арман Шери­затов­қа табыс етті. Бірінші орын мен 1 миллион 500 мың теңгені «Сендей болсын барлық Отан, бар ана» деп өлең жазған алматылық Ақсүйрік Ізмұқанова жеңіп алды. Екінші орын екеу екен. Екеуін де қарағандылық ақындар (800 мың теңгеден) - Абзал Бөкен мен Ілияс Мұқаев қан­жы­ғаларына байлады. Үшінші орынға тігілген үш жүлдені (400 мың теңгеден) Ха­лықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Ше­шенстанның Халық батыры, алма­тылық Рафаэль Ниязбеков, жезқазғандық Кенжебай Ахметов пен астаналық белгілі ақын Талғат Ешенұлы бөлісті. Бес ынталан­дыру сыйлығы (150 мың теңгеден) моңғо­лиялық қарт ақын Шынай Рахметұлы, алматылық Батық Мәжитұлы, Қытай Халық Республикасының азаматы Серік Түсіпханұлы, ақтөбелік Балтабек Нұр­ғалиев, аягөздік Біржан Ахмет қатарлы ақындарға табыс етілді. Бұл мүшәйрада мәрттік танытқан мекемелер де болмай қалмады. Мысалы, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов тағайындаған 100 мың теңге - Бақытжан Тобаяқовқа, Астана қалалық Тіл басқар­масының бастығы Ербол Тілешев жүлдеге тіккен 100 мың теңге - Жарылқасын Боран­баевқа, ал Астанадағы «Фолиант» бас­пасының директоры Нұрлан Иса­бековтің жүлдесі ақтөбелік Гүлжайнар Қалдинаға тапсырылды. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясына үн қосып, жыр арнағандардың арасында жастар көп. Бас бәйгені де жас ақындар алды. Мақала «Мәңгілік ел жыршылары марапатталды» деген тақырыппен берілген.

***

Бүгін Астана-Арена спорт кешенінің ашылғанына тура 5 жыл толып отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі «Астананың алтын алқасы - «Астана-Арена» атты мақаласында.

«Біз әдетте бала күнгі, жас шақтағы әсерлердің есте жақсы сақталатынын айтып жатамыз ғой. Бақсақ, кісінің шау тарта бастаған шағында көрген көрікті көріністерінің де жүрекке жылы ұялап қалатын кездері кезігеді екен. Бұдан төрт жылға жуық уақыт бұрын, дәлірегі, 2010 жылғы қазанның 13-і күні футболдан Қазақстан мен Германия құрамасы арасындағы матчтан репортаж жазу үшін алғаш рет «Астана-Арена» стадионына кіріп барғанымда, мен тура сондай хәлді бастан кештім. Күмбезі көкпен таласқан көркем кешен бірден көңілді көтеріп жіберді. Бұл бір жағы қадамын енді қарыштатып жазып келе жатқан Қазақ елінің де әлемдегі алдыңғы қатарлы дәулеттер дүрмегінде заманауи жабық спорт ғимараттарын сала бастағанын танытатын жағымды жаңалық та болатын. Мұның өзі де біздің Тәуелсіздігіміздің кезекті бір символы іспеттес», - дейді автор.

Басылымның жазуынша, Жер бетіндегі бірінші жарақты-жабдықты жабық спорт кешені АҚШ-тың Хьюстон қаласында бой көтерген екен. «Астродом» деп аталатын бұл стадионның ілкі идея­сы бейсболдың жоғары лигасында ойнайтын жеке командасы болуын армандаған жергілікті төреші Рой Хоффонтцтың ұшқыр қиялынан туындапты. Үш жыл бойы үздіксіз салынған жаңа стадион ақырында 1965 жылғы 9 сәуірде салтанатты жағдайда ашылады. Оның ашылу салтанатына АҚШ-тың сол кездегі президенті Линдон Джонсон қатысады. Негізінен жаңбырдан гөрі күннен қорғануға арналып жасалған ғимаратта кейін бейсболмен қатар, футбол, баскетбол, бокс секілді көптеген бұқаралық спорт жарыстары қанат қаға бастайды. Арада бірнеше жыл өткен соң тап осындай кешендер Жаңа Орлеан, Торонто, Понтиак, Сан-Антонио, Сиэтл, Индианаполис және Миннеаполис қалаларында да пайда болады. Ал қазір мұндай құрылыстар әлемнің дамыған елдеріндегі басты қалалардың барлығында дерлік бар.

«Рухы биік халықтың іргесі берік!» Елбасы Ұлттық музейдің қыш кітабына осылай деп жазды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында.

Басылымның атап өтуінше, қала күні мерекесі қарсаңында елорданың рухани қазынасы тағы бір мәдени ошақтың дүниеге келуімен еңселенді. Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылды. Жаңа ғимараттың тұсауын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп кесіп берді. Тәуелсіздік көшесіне айрықша сән беріп тұрар бұл ғимараттан жұрт атамекеннің айбынын, алаштың рухын баяндайтын бабалардың байырғы құндылығын тамашалайды десек, ал кейінгі жас ұрпақ үшін онда өскен тамыр, өткен тарих тағылымын жан-жақты танып-білуге толық мүмкіндік туғызылып отыр.

«Қазақстан Респуб­ли­­касының Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесі Президент Жар­лы­ғымен 2013 жылғы 30 мамырда құрылған болатын. Бұл Орталық Азия аймағы бойынша еш жерде баламасы жоқ теңдессіз бірегей жоба болып табылады. Көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музей Қазақстанның ерте ғасырдан бастап күні бүгінге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштерін жинақтауымен құнды.

Қазақстан Президенті жаңа музейдің тарихты таныту және еліміз туралы терең білімді сіңіру орталығына ғана емес, белгілі мәдени және ғылыми мекемеге айналатынына сенім білдірді.

- Ұлттық музей ғылыми және рухани орталыққа айналады, біздің Қазақстан жолының барлық ілгері жетістіктерін танытады, архитектуралық өлшеммен алғанда, музей ғимараты қазірдің өзінде Ресейдің Эрмитажымен, Францияның Луврымен, Американың Метрополитен музейімен бірге әлемнің ірі экспозициялары ондығының қатарында тұр, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында музейдің қыш кітабына естелік қолтаңба қалдырды. Мұн­да Президенттің: «Рухы биік ха­лықтың іргесі берік!» деген тілегі тұр. Мұнан соң Елбасы Астана, Тәуелсіздік, Алтын, Ежелгі және орта­ғасыр тарихы, Этнография, Қазіргі заманғы өнер залдарын аралап көрді.

Музей құрылысы «Қазмұ­найгаз» АҚ бөлген қаражат есе­бінен жүргізілген. Ұлттық му­зейдің директоры Дархан Мың­бай, бас мердігер - «Базис Жоба LTD», дизайн жобаны оң­түстіккореялық «Design be Art» компаниясы отандық дизайнерлермен бірлесіп жүзеге асырған, құрылыс жұмыстарының бас мердігері - түркиялық «Turkuaz Construction» ЖШС компаниясы.

Ал енді жалпы Ұлттық музейдің өзі туралы айтатын болсақ, көрме залдары, қоймалар және жұмыс зертханалары өте ауқымды. Музейдің экспозиция­сын жасақтау кезінде әлемдік музейтану мен жаңа технологияның ең озық әдістемелері қолданылған және де мұнда Қазақстанның ежелгі дәуірден бастап қазіргі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени ескерткіштері жинақталған. Жобаға сәйкес қабаттары сатылап биіктейтін (2 қабаттан 8 қабатқа дейін) 7 блоктан түзілген музейдің экспозициялық алаңы 14 мың шаршы метрден асатын жерді алып жатыр. Ал мұражайлар ауқымы 5 мың шаршы метрге жуық. Мұнан бөлек уақытша көрмелер өткізетін «Ұлттық мирас» ғылыми-зерттеу инс­титуты, жаңғырту шеберханалары, зертханалар, мұражайлар, оқырман залдары бар кітапханалар, ілеспе аударма құралдарымен жабдықталған мәслихат залы, кәдесый киоскісі, кафе, буфет орналасатын жайлар бар.

Торқалы тойдың қарсаңында тұсауы кесілген шаңырақтың шаттық думаны бүгін жалғасын тауып жатыр. Қазақ елінің атын дүниежүзіне танытуға қазірдің өзінде барынша кірісіп кеткен мұның жақұт қазынасының ішінен жұрт келешекте еліміздің бүкіл тарихи-мәдени құндылығын, қымбат жәдігерлерін көріп, рухани шөлін қандырғысы келетіні тағы ақиқат.