Астана әлемнің табысты 10 қаласының біріне айналуы тиіс
«Биыл елордамызды Астана деп әлемге жариялағанымызға 16 жыл болады. Осы жылдардың ішінде қыруар шаралар тындырылды. Қаланы салдық, Астанамыз дүниежүзінің ірі қалаларының біріне айналды, - деді алқалы жиынды ашқан Н.Назарбаев. Әсемдігі мен халыққа жайлылығы жағынан да әлемдегі жақсы қалалардың бірі болып келе жатыр. Бірақ та біз еш уақытта істегенімізге қанағаттанып тоқтамаймыз. Қаланы одан әрі қарай өркендетіп, дамытуымыз керек. Қаланың қарқынды дамуы, экономикасының өсуі, халық санының артуы жыл сайын бізге жаңа міндеттерді ұсынып отырады».
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өткен жылдың ішінде ғана елордаға 1 миллион турист келгенін, оның 100 мыңы шетелдік болғанын айта келе қаланың дамуы жайында баяндама жасау үшін сөзді шаһар басшысы Иманғали Тасмағамбетовке, одан кейін «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның басқарма басшысы Талғат Ермегияевке берді.
Негізгі баяндамашылар сөздерін аяқтағаннан кейін Елбасы қалада орын алып отырған бірқатар кемшіліктерге де кеңінен тоқталып, жауапты шенеуніктердің уәждеріне құлақ асты. Н.Назарбаев ең алдымен елордаға тартылған инвестиция көлемінің мардымсыздығына кейістік танытты. «Қала экономикасындағы инвестиция құрылымындағы жеке капиталдың үлесі жартысына жуықтайды. Дегенмен шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың жеткіліксіз жүргізіліп отырғандығын атап өткен жөн. 2013 жылғы жалпы көлемі 540 млрд. теңгенің небәрі 1,4 миллиардын ғана шетелдік инвестиция құрады. Бұл барлық инвестиция көлемінің 0,2 пайызы», - деген Елбасы көптеген инвесторлардың елордаға инвестиция құйғылары келгенімен учаске алу, жобаларды келісу, рұқсат алудан бастап, нысанды пайдалануға дейінгі аралықтағы түрлі кедергілерге бетпе-бет келетіндігін ашық айтты.
Қазақстан көшбасшысының көтерген келесі күрмеуі көп күрделі мәселелердің бірі қаланың барынша маңызды экономикалық активі - жерге қатысты болды. «Бүгінде, мендегі Бас прокуратура берген мәліметтерге сәйкес, қалада жалпы көлемі 15 мың гектарды құрайтын 800-ден астам учаске игерілмей жатыр», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бүгінгі күнге дейін әкімдік 9 мың гектарды құрайтын 254 учаскені құлықсыз құрылысшыдан қайтарып алып отыр. Енді оны қаржысы бар, жұмыс істеуге құлшына кірісетін инвесторларға беру қажеттігін баса айтты. Айта кетерлігі, осы мәселеге жауапты Астана әкімінің орынбасары Василий Крыловтың сөзіне қарағанда 2012 жылы елордада 22 мың гектар игерілмей жатқан жер болған. Өткен жылы оның 7 мыңы алынып, жартысы инвесторларға берілген. «6,4 мың гектары мемлекет резервіне алынды. Біз бұл жерлерді бюджеттік нысандар салуға не болмаса мемлекет қажеттілігіне алынатын жерлердің орнына беретін қор ретінде сақтаймыз», - деді ол.
Президент Астанадағы игерілмей жатқан жерлер қоқыс алаңына айналғанын да сынға алды. «Игерілмей жатқан бұл учаскелер қоқыс жинайтын жерге айналып кеткен. Міне, қараңыздаршы, Сулы жасыл желекте, басқа жерде емес қаланың ортасында, ең өтімді жерде құрылыс жүргізу үшін алынған учаске. Адамдар оның қоқыс жинайтын жер екендігін түсініп, қоқыстарын әкеліп тастайтын болды. Сен соны білесің бе? Бұл барып тұрған бассыздық қой», - деді Елбасы Астана әкімінің орынбасары В.Крыловқа қарата.
Сондай-ақ Елбасы елордадағы Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын сынға алып, қаладағы қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Қала базарларын тәртіпке келтіру мәселесін де баса айтты. Бұдан бөлек Астананы сапалы ауыз сумен қамту мәселесін де көтерді.
Елбасы сөзін қорытындылай келе Қазақстанның алдына бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндетін қойып, оны орындағанын, ендігі уақытта өсіп-өркендеген 30 елдің қатарына кіруге ұмтылатындығын баса айтты. «Сондықтан Астана алдына 2050 жылға қарай әлемнің табысты 10 қаласының қатарына кіру тапсырмасы жүктеледі. Егер біз осындай тапсырма алдымызға қойсақ, оны шешеміз», - деді Н.Назарбаев.
Қазақ астығына көз тіккендер көп
Бүгінде қазақтың астығына әлемнің талай елі көз тігіп отырғандығы белгілі. Сапасы жоғары наубайлық бидайымыз әлемнің бірталай еліне экспортталуда. Тіпті, астықты ел саналатын Ресейдің өзі кейінгі жылдары Қазақстаннан астық экспорттауды арттырып келе жатқандығы мәлім. Жалпы, астығымыз Түркия, Үндістан, Сауд Арабиясы, Еуропа одағы елдері, Иран, Мысыр, Йемен, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Түркіменстан сынды елдерге экспортталуда. Бұдан бөлек Парсы шығанағының кез келген еліне, Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттеріне, сонымен қатар Индонезия, Жапония және Оңтүстік Кореяға жаңа экспорттық бағыттарды ашуға да қауқарымыз жеткілікті. Ал бұл жаңа нарықтарды бағындыру үшін еліміз қазақстандық астық брендімен шығуға ниетті. Мұны таяуда Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ коммерциялық директоры - басқарушы директоры Нұрбек Дайырбеков мәлім еткен болатын. «Қазақстандық астық брендіне қатысты айтар болсам, бұл жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте қазіргі уақытта біз Қазақстан шығуға талпынып отырған жаңа нарықтарға қазақстандық астық брендімен ұмтылудамыз. Және де тұтынушыларымызға біздің астықтың наубайшылық үшін барынша жоғары сапалы екендігін дәлелдеуге тырысудамыз. Жұмыстар жүргізілуде», - деді ол.
Оның атап өтуінше, соңғы 4 жылдың ішінде еліміздің бидай экспортының жиынтық табысы 2,5 есеге жуық еселеніп отырғандығы белгілі. Тек өткен жылдың өзінде ғана Қазақстан бидай сатудың арқасында 1,2 млрд. доллар көлемінде таза табыс тапты. Ал 2009 жылы бұл көрсеткіш небәрі 600 млн. долларды құраған еді. Демек, бидайдан түскен табысымызды еселеу үшін сыртқы нарықтарға көптеп шығаруымыз қажет деген сөз. Н.Дайырбековтің сөзіне қарағанда, 2013-2014 маркетинг жылында еліміз 9,5 млн. тонна астық экспорттауға қауқарлы. «ҚР АШМ болжамынша 2014 жылғы астықты экспортқа шығару әлеуетіміз 9,5 млн. тоннаға жуықтайды. 20 сәуірдегі ақпараттарға сәйкес 2013-2014 маркетинг жылдары Қазақстан 7,3 млн. тоннаға жуық бидайды экспорттады», - деді ол.
Айтпақшы, сапалы өнім алу үшін сапалы техниканың қажет екендігі де түсінікті. Ал келер жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа қадам басарын ескерсек, онда шетелдің сапалы техникасын сатып алуда кедергілерге ұшырарымыз анық. Дегенмен, алдын ала қамданған еліміз Бірыңғай экономикалық комиссияның Қазақстанға алыс шетелден комбайн әкелуге квота бекіттіріп алған болатын. ҚР АШМ-нің департамент директорының міндетін атқарушы Бақыт Ілиясовтың сөзіне қарағанда, 2016 жылға дейін бекітілген квотаға сәйкес еліміз шетелдік 813 комбайн ғана сатып алу керек. Ал одан артық сатып алар болсақ, онда бөлек салық төлеуге міндетті боламыз. «Өздеріңіз білетіндей, БЭК шешімімен 2013 жылы Кеден одағы аумағына алыс шетелдерден комбайн әкелуге импорттық квота енгізілді. Қазақстан үшін импорттық квота 300 бірлік көлемінде бекітілді. Олар Қазақстан аумағына салықсыз енгізіледі. Комбайндар негізінен «John Deere», «New Holland» және «Claas» сынды әлемдік көшбасшы техникалар», - деді ол.