Астана, Алматы және Шымкенттің жеке дизайн-коды енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Заң жобасы Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берілген Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасын, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысының астананы дамыту тәсілдерін республикалық маңызы бар барлық қалаларға тарату жөніндегі қарарын орындау үшін әзірленді. Заң жобасы арқылы 1 кодекске және 6 заңға түзету енгізіледі. Заң жобасы жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқа да салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған.
«Сыртқы жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ, қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болып отыр. Қазіргі кезде аталған әрекеттер ереже бұзу әрекетіне жатпайды және заңнамада оған қарсы ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Осылайша, қалалардың сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу мақсатында келесі заңнамалық өзгерістер ұсынылды:
- «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына республикалық маңызы бар қала мен астана мәслихатының құзыретін дизайн-кодты бекіту жөніндегі нормамен, ал әкімдіктердің құзыретін стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту жөніндегі нормамен кеңейту;
- «Астана мәртебесі туралы» Заңына елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;
- «Жарнама туралы» Заңы аясында: ғимараттардың/тұрғын үйдің меншік иесіне талаптарды бұза отырып орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жөніндегі талаптарды қолдану;
- ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;
- тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салу.
Аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізу мәселесі пысықталып жатыр.