Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Astana Arlans» «D & G Milano Thunder»-дің боксшыларын тізе бүктірді

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Astana Arlans қазақстандық боксшылар D & G Milano Thunder-ды Алматыда 3:2 есебімен жеңді.

«Astana Arlans» «D & G Milano Thunder»-дің боксшыларын тізе бүктірді

Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының алаңына алғашқы болып 54 келі салмақтық дәрежеде отандық былғары қолғап шебері Хабибулла Исмаил-Ахунов пен итальяндық команданың украиналық легионері Виталий Волков шықты. Қарсыластардың күштері теңдей болғандықтан төрешілерге ойынды бағалау қиынға соқты. Ақырында, бір төреші жеңісті Исмаил-Ахуновқа, екеуі оның қарсыласына берді.

61 келіге дейінгі салмақтық дәрежеде Мерей Ақшалов пен венгриялық Миклош Варга кездесті. Astana Arlans командасының директоры ойынның алдында Мерей Ақшалов қашан да үздік өнер көрсететінін атап өткен болатын. Осы жолы да солай болды. Төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс қазақстандық боксшыға берілді.

Көптен күткен ойын - Astana Arlans командасының капитаны Қанат Ислам мен WSB-тың өткен жылғы маусымының Әлем чемпионы украиналық Сергей Деревянченконың кездесуі болды. Өкінішке қарай, бұған дейін жанкүйерлерді тамаша ойын мәнерімен қуантып келген Қанат, бұл жолы айтарлықтай басымдықпен ұтылды. Барлық бес раундта төрешілер жеңісті Деревянченкоға берді.

Алаңға төртінші болып 85 келіге дейінгі салмақтық дережедегі жұп шықты. Astana Arlans-тың алжирлік өкілі Абдельхафид Беншабла француздық Людовик Грогуамен қолғап түйістірді. Еске салсақ, аталмыш жұптың осы маусымдағы ойыны D & G Milano Thunder спортшысының жеңісімен - техникалық нокаутпен аяқталған болатын. Қазақстандық команда жеңіліс Астана арланының тайғақ аяқ киімінен болғандығын айтып, ақталған болатын. Қалай болғанда да, бұл жаңсақтықтың есесін Беншабла кеше қайтара алды. Ол барлық раундты сенімді өткізді.

Төрт жұптың кездесуінен кейінгі нәтиже - 2:2

Осылайша, екі команда арасындағы жеңімпазды соңғы жұптың ойыны шешетін болды. Руслан Мырзатаев пен камерундық Ромарик Тангум Нгула арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Алғашқы раундта қазақстандық боксшы сенімді ойын көрсетіп келе жатқанымен, кейінгі раундтар камерундықтың пайдасына шешіле бастады. Ол келесі екі раундта қарсыласына нақты соққыларды көбірек жібере алды. Төртінші раунд шешуші болды. Мырзатаев сәтті шабуыл жасап, қарсыласына ауыр соққы жасады. Нгула аяғында тұрғанымен, одан әрі қарсылық көрсетуге шамасы болмады. Бас төрешінің шешімімен ойынды техникалық нокаутпен қазақстандық Руслан Мырзатаев аяқтады.

Есеп 3:2 - жеңіс қазақстандық спортшылардың еншісінде.

Бейбіт Есжановтың командасы келесі ойынды 10 ақпанда Мәскеуде жергілікті Dinamo-ға қарсы өткізеді. Еске салсақ, бұл командалардың 9 қаңтарда Астанада өткен соңғы кездесуі алаң иелерінің жеңісімен, 3:2 есебімен аяқталды.