18:38, 21 Желтоқсан 2018 | GMT +5
«Астана аруының» финалына өткен 20 қыз бейнеленген күнтізбе жарыққа шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана аруы» байқауы өзінің 20 жылдық мерейтойына орай, биыл финалға шыққан 20 арудың суреті жарияланған таныстырылым күнтізбесін шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат байқау ұйымдастырушыларына сілтеме жасап.
Астананың ару қыздарына фотосессия жасаған - атақты Fashion-фотограф Марета Келигова. Оның туындылары өз ісінің хас шебері, әйгілі Максим Золотухиннің туындыларымен үйлесім тапқан. Астананың көрікті жерлерін көздің жауын алатындай етіп түсірген оның суреттері жобаға сән берді.
Күнтізбеден қаланың әсем көріністерін тамашалап, сондай-ақ Астананың айдай сұлу арулары туралы толық мәлімет алуға болады.
Күнтізбенің мұқабасында «Астана аруы-2018» мерейтойлы байқауының жеңімпазы Еркеназ Сейфулла бейнеленген. Еркеназ 2017 жылы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебін тәмамдаған. Қазақ технология және бизнес университетінде білім алып жатыр, болашақ дизайнер ретінде өзінің киім-кешек желісін жасауды армандайды.