Астана аспаны: Елорда ауаның ластануымен қалай күресіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада соңғы жеті жыл ішінде ауа сапасының жоғары деңгейде ластануы тұрақты сипатқа ие болды. Өткен жылдың өзінде 61 мыңнан астам зиянды заттардың шекті концентрациядан жоғарылаған дерегі тіркелген. Осыған орай Kazinform тілшісі мамандармен бірлесіп, елорданың экологиялық ахуалын жан-жақты сараптады.

Астана
Фото: Kazinform

IQAir есебі: Ауа сапасы күз бен қыс айларында нашарлайды

2021-2025 жылдар аралығында атмосфералық ауа сапасының жоғары деңгейде ластануы бойынша Астана бірінші орынға тұрақтады. Бұл тізімге Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Теміртау, Сәтбаев, Петропавл және Талғар қалалары да кірді.

Бағалау негізі ретінде жылдық атмосфераның ластану индексі алынған. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметтеріне сенсек, биылғы жартыжылдықта Астанада ауаның ластану деңгейі өте жоғары болып, №8 бекет ауданында күкіртсутектің стандартты индексі (СИ) 16,3 мәніне жеткен-ді – өте жоғары деңгей.

ауа
Инфографика: Kazinform

Астананың ауа құрамындағы негізгі ластаушылар қатарына күкіртсутек, көміртек оксиді, азот оксиді мен диоксиді, озон және шаң-тозаң жатады. Өткен жылы озонның орташа тәуліктік концентрациясы рұқсат етілген шекті деңгейден 3,2 есе асып, ұсақ бөлшекті шаң-тозаң мөлшері 1,8 есеге көбейгені мәлім.

Халықаралық мониторинг деректері де осы қорытындыны толықтай растап отыр. Әсіресе, швейцариялық IQAir компаниясының (БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының технологиялық серіктесі) өткен жылғы есебінде Астана қаласындағы ауа сапасының ең жоғары ластануы күз бен қыс айларында байқалатыны көрсетілген.

ауа
Инфографика: Kazinform

 

Астанадағы жағдай және әлемдік тәжірибе

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Астанада көлік саны артқан сайын ауа ластанып жатқанын айтты.

Қаладағы көлік саны күннен-күнге артып жатқанын назардан тыс қалдыруға болмайды. Жол қозғалысы кезінде бөлінетін көміртегі диоксиді, азот оксидтері және басқа да улы газдар қала ауасының сапасын нашарлатады, – деді сарапшы.

«БАЙТАҚ» партиясының төрағасы
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың маусым айында Астанада тіркелген автокөлік саны 468,4 мыңға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 20,3%-ға өскен. 2022 жылдан бері автопарктың өсу қарқыны үдеді. Бұл ретте Азаматхан Әміртаев көлік паркінің ескіргенін алға тартты.

Астананың жолдарында жүрген әр бесінші көліктің шығарындыларын тазарту жүйесі ескірген және олар іс жүзінде автокөлік қалдығына жатады. 20 жылдан асқан автокөліктердің саны 98,7 мыңнан асады, ал 10 жылдан асқандарының үлесі 43,8%-ды құрайды, – дейді спикер.

Пробки Астана Кептеліс
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Осы ретте қаладағы қоғамдық көлік мәселесін естен шығармау қажет. Астанада 9 мың автобус бар. Оның тек 68-і электрмен, 335-і аралас жанармаймен жұмыс істейді. Демек, қос санаттағы автокөліктер жалпы автобус паркінің 1%-ынан да кем. Химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ержан Аққазиннің айтуынша, алдағы уақытта LRT жүйесі іске қосылса, жағдай өзгеруі ықтимал.

Электромобильдердің санын көбейту және LRT жүйесін енгізу арқылы қаладағы көлік шығарындыларын азайтуға болады. Мысалы, АҚШ-та LRT ашылған соң көміртек оксидінің күндік максимумы шамамен 24%-ға төмендеп, кейбір органикалық қосылыстар 60%-ға дейін азайған, – деді профессор.

Әлемдік тәжірибеде көлік шығарындыларын азайтудың тиімді жолдарының бірі – төмен эмиссиялы аймақтар құру. Лондон қаласында 2019 жылдан бері «Өте төмен шығарындылар аймағы» (ULEZ) жүйесі жұмыс істейді.

 

Жүйе ескі және экологиялық талаптарға сай емес көліктердің қала орталығына кіруін шектеуді көздейді. Мұндай көліктерден күнделікті айтарлықтай төлем алынады, автокөлік иелерін экологиялық таза көлікке көшуге итермелейді. Қазақстанда осындай жүйені енгізу ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік беруі ықтимал, – деді Ержан Аққазин.

Қаланың биіктігі артып, желдің күші азайған

Сарапшылар қала құрылысындағы экологиялық тепе-теңдіктің бұзылып жатқанына да тоқталды. Салдарынан ауа айналымы азайып, экологиялық зардабын тартып отырмыз.

Қала тек аумағы бойынша емес, биіктігі жағынан да өсіп жатыр. Бұл жер бетінің кедір-бұдырлығын арттырып, желдің жылдамдығын азайтады. Соның салдарынан ауада жиналған зиянды бөлшектер ұзақ сақталып, тыныс жолдарына көбірек әсер етеді. Астананың ауа сапасын жақсартудың нақты жолдарының бірі – көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру. Жаңа тұрғын үйлер мен ғимараттардың орнына парктер мен скверлер салу қажет, – деді Азаматхан Әміртай.

Строительные краны, строительство Құрылыс крандары, құрылыс многоэтажки көпқабатты үйлер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Климаттық бақылауларға сәйкес, 2000 жылдан бері Астанада желсіз күндердің саны жылына 18 күннен 25 күнге дейін көбейген. Бұл құбылыстың күшеюіне қаланың айналасындағы «жасыл белдеудің» қалыптасуы мен жаппай құрылыс тікелей әсер еткенге ұқсайды.

Азаматхан Әміртайдың айтуынша, орман алқаптарының ауа айналымына әсерін толық бағалау үшін әлі уақыт керек.

– Жасыл белдеу – экология үшін маңызды жоба. Бірақ оның климатқа ұзақмерзімді әсерін бағалау әзірге ерте, себебі ормандардың пайда болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда кез келген жағдайда орман жер бедерін өзгертеді, желдің күшін бәсеңдетеді, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар орман жамылғысы қар тоқтату функциясын қоса атқарады, бұл өз кезегінде қыс мезгіліндегі боранды азайтуға көмектесуі мүмкін.

Экология мен энергетика: Газдандыру қалай жүріп жатыр?

Елорданың ауасын ластап отырған тағы бір фактор – жылу электр орталықтары. Әсіресе, жылыту маусымы басталғанда қаланың үстін қаптаған қою тұман мен тұмша – көмір жағудың тікелей салдары. Бұл туралы эколог Азаматхан Әміртай алаңдаушылығын білдіріп отыр.

– Жылыту маусымында басты ластаушы – көмірден шыққан қалдықтар. Бұл адам өмірі үшін өте қауіпті. ЖЭО мен жеке пештердің қалдықтарында көміртек оксиді, азот оксиді, күкіртсутек, күкірт диоксиді және азот диоксиді бар. Бұл заттар тыныс алу жолдарына айтарлықтай зиян келтіреді, – дейді сарапшы.

Астана қаласының энергетика басқармасының мәліметінше, мәселені шешудің басты жолы – газдандыру. Елордада 24,4 мың жеке үй бар, қазіргі таңда соның 14 мыңнан астамына газ тартылған. Қалған бөлігі жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылмақ.

газ
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Сонымен қатар «Тұран», «Тельман», «Оңтүстік-Шығыс» жылу электр станциялары мен қала маңындағы бірқатар елді мекенге газ жеткізетін желілердің құрылысы аяқталған. Қалада газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген. Газдандырудың екі кезеңінің құрылысы аяқталды.

Газдандырудың үшінші кезеңі бойынша жұмыстар республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарта отырып, 2024-2026 жылдарға жоспарланған.

Кешенді шаралар мен алдағы міндеттер

Газдандырудың кеңеюімен қатар, елордада атмосфералық ауа сапасын жақсарту бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Экология министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып, Қазақстан қалаларындағы ауа сапасын жақсарту үшін арнайы жол картасын әзірлегенін хабарлады.

– Қала аумағында атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 16 стационарлық бекет пен автоматтандырылған мониторинг станцияларында тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жүйені жаңғырту мақсатында 2024-2030 жылдарға арналған Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің бағдарламасы бекітіліп, атмосфералық ауа сапасын бақылаудың қосымша бекеттері орнатылады, – делінген министрліктің жауабында.

Сонымен қатар 2016 жылы Қазақстан Париж келісімінің бір бөлігі ретінде өзінің ұлттық жоспарын ұсынғанын білеміз. Соған сәйкес 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда 15-25%-ға қысқарту міндеті тұр. Бұл бағытта «Жасыл даму» АҚ белсенді жұмыс істеп келеді.

акция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы қоршаған ортаны қорғау ісіне азаматтардың белсенді қатысуына серпін беріп отыр. Кешенді шаралар Астанада атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендетуге де үлес қосады деген үміт басым.

Соңғы жаңалықтар