Астана әуежайы 15 сәуірден бастап жұмыс кестесін өзгертеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана халықаралық әуежайында 2026 жылғы 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында ұшу-қону жолағында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілетді.
— Бекітілген құжаттамаға және НОТАМ талаптарына сәйкес, аталған кезеңде ұшу-қону жолағы күн сайын жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00–ден 18:00–ге дейін уақытша жабылады, — делінген Астана халықаралық әуежайы таратқан хабарламада.
Жүргізілетін жұмыстар жоспарлы сипатқа ие және әуеайлақ инфрақұрылымын, сондай-ақ жарық-сигналдық жабдықтарды жұмысқа жарамды күйде ұстауға, ұшу қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
— Жұмыстар жүргізілетін уақыт аралығында орындалатын барлық халықаралық және ішкі тұрақты рейстер тәуліктің ертерек немесе кешірек уақытына ауыстырылды.
Рейстер кестесіндегі өзгерістер авиакомпаниялармен және уәкілетті мемлекеттік органдармен алдын ала келісілген. Әуежай уақытша шектеулерден тыс кезеңде штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға рейстердің өзекті кестесін авиакомпаниялардан нақтылауды ұсынып, түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіреді, — делінген хабарламада.
Айта кетелік осы көктемде Астана мен Шымкент әуежайларында жөндеу жұмыстары жоспарланғаны туралы жазған едік.