Астана әуежайының қызметкері сирек кездесетін құстардың контрабандасы үшін сотталды
«2016 жылдың қарашасында «Астана халықаралық әуежайы» АҚ кешендік ауысымының басшысы М. белгісіз тұлғамен қылмыстық келісім жасасып, Астана әуежайы арқылы Біріккен Араб Әмірліктеріне сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан сұңқарларды кедендік бақылаудан жасырын алып өту арқылы экономикалық контрабанда жасаған», - делінген соттың хабарламасында.
Ер адам әуежайдың ғимаратында белгісіз тұлғадан жыртқыш құстар салынған 4 сөмкені алып, кедендік бақылаудан жасырын алып өтіп, сөмкені «Астана-Шаржа» бағытындағы халықаралық рейстің ұшағына жеткізу үшін жүк тасымалдауды қамтамасыз ету қызметінің жүк тасушысына тапсырады.
Астана қаласы №2 Есіл аудандық сотының шешімімен әуежай қызметкері ҚР ҚК 339, 234-баптары бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.