Астана автобустарында 1 қыркүйектен бастап оқушылар үшін жаңа тариф енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 қыркүйектен бастап Астананың қоғамдық көлігінде оқушыларға арналған сараланған тариф күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұрын 7-15 жас аралығындағы балалар үшін қоғамдық көлікте картасыз жүру құны 90 теңге, көлік картасымен - 40 теңге екендігі айтылған болатын.
Бұл тариф 2018 жылғы 21 шілдеден 1 қыркүйекке дейін енгізілген болса да, 7-15 жас аралығындағы балалар үшін жүру құнын бұрынғыша 40 теңге мөлшерінде қалдыру жөнінде шешім қабылданған. Жазда балалардың барлығы да мектептерден анықтама алуға үлгермегендіктен, қала әкімдігі осындай шешімге келді.
Еске сала кетейік, 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап қала автобустарында қолма-қол ақшамен балалар билетінің құны 90 теңге, ал «Тұлпар» автобустарында 125 теңге, яғни ересектер билеті құнының жартысын құрайды (көлік картасымен төлеген жағдайда қалалық автобустарда жүру құны 40 теңге, «Тұлпар» автобустарында 90 теңге болады).
«Astana LRT» тұрғындардан атаулы мектеп көлік картасын ертерек алуын сұрайды.