Астана Азияның туристік нарығындағы орнын нығайтып келеді
АСТАНА. КАZINFORM — Шанхайда 26-28 мамыр күндері Қытай нарығына басымдық берілген, сол сияқты кіру және шығу туризмін дамытуға бағытталған маңызды халықаралық кәсіби алаңдардың бірі — ITB China 2026 халықаралық туристік B2B көрмесі өтіп жатыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.
Көрме аясында Астана қарқынды дамып келе жатқан халықаралық туристік бағыт ретінде таныстырылып жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Астанаға 1,6 миллионнан астам турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп.
Негізгі туристік ағынды Қытай, Түркия, Ресей, Германия және АҚШ елдерінен келген қонақтар құрайды.
Қазіргі таңда қалада халықаралық желілерді қоса алғанда 310-нан астам қонақүй мен 2 255 қоғамдық тамақтану нысаны жұмыс істейді. Оның 525-і — мейрамхана (ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша).
Қалада қонақүй және мейрамхана саласы тұрақты дамып, қызмет көрсету сапасы артып, халықаралық стандарттар кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.
— Іскерлік туризмнің MICE-сегментін дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. 2025 жылы елордада жалпы аудиториясы 150 мыңнан асатын қатысушыны қамтыған шамамен 190 халықаралық іс-шара өткізілді. Бұл Астананың өңірлік іскерлік туризм орталығы ретіндегі позициясының нығайып келе жатқанын көрсетеді, — делінген хабарламада.
Елорда экспозициясына туристік индустриядағы жетекші қазақстандық және халықаралық компаниялар қатысып жатыр. Атап айтқанда, airastana.com, Luxury Services Kazakhstan, Shef Tour, Beijing Palace Soluxe Hotel Astana, SAAD Hotel Astana, Kazzhol Astana Hotel, EZ Tours, Kontakt Agency, Wyndham Garden Astana, Kompas Tour және Complete Service Tourism Company бар.
Іскерлік бағдарлама аясында Астана делегациясы халықаралық туроператорлармен, MICE-компаниялармен және салалық серіктестермен 100-ден астам B2B кездесу өткізеді. Бұл кездесулер туристік ағынды арттыруға және елорданың Азия нарығындағы позициясын нығайтуға бағытталған.
— Астананың ITB China 2026 көрмесіне қатысуы Азия нарығында елорданың бәсекеге қабілетті туристік әрі іскерлік бағыт ретіндегі халықаралық брендингін одан әрі күшейтуге бағытталған, — деді Олжас Ибраев.
Еске сала кетейік, жақында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өткізген болатын.