20:25, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астана басшылығы шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Астананың шағын және орта бизнесін қолдауға Ұлттық қордан 30 млрд. теңге бөлінді. Бүгін Алматы ауданы әкімдігінде шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне аталмыш бағдарлама аясындағы қаржыландыру процедураларын түсіндіру семинары өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Республикадағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры негізінде қаржыландыру басталды. Осы маңызды саланы дамытуға 120 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде Астана қаласының бизнес секторына 30 млрд. теңге қарастырылған. «Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары қала деңгейінде де жасалып жатыр. Қаңтардың 19-ы күні Астана әкімдігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы арасында дағдарысқа қарсы шаралар бойынша өзара әріптестік туралы меморандум қабылданды. Меморандум бойынша пайыздық үстеменің деңгейін 14 пайыздан асырмау келісілген. Екінші деңгейлі банктерде несие беру талаптары қатаңдатылып, пайыздық үстеменің ең азы 19 пайыз болып отыр», дейді қалалық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Рыскүл Қалғабаева.