«Астана» біз күтпеген тактика қолданды — «Қайрат» бапкері

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында «Астанаға» қарсы өткен матч жайлы пікір білдірді. 

Рафаэль Уразбахтин
Фото: Kazinform

— Чемпион болғанымызға өте қуаныштымыз. Барлық жанкүйерді осы жеңіспен құттықтаймын. Бұл біз үшін тарихи күн — «Қайрат» алғаш рет қатарынан екі рет чемпион атанды. Біз осы жетістікке мақсатты түрде ұмтылдық. Ойыншыларға үлкен алғыс айтамын — бұл олардың еңбегінің жемісі. Қажырлы еңбек өз нәтижесін береді. Біз өте қуаныштымыз, — деді ол.

Бапкер алматылық команданың ойыншысы Офри Арадты бірінші таймда алмастырудың себебін түсіндірді.

— Ол сәл қобалжығандай көрінді, кей сәттерде жылдамдық жетіспеді. Сондықтан жылдамырақ ойыншыны шығаруды жөн көрдік. Мүмкін бір нәрсе мазалаған шығар, әзірге сөйлескен жоқпын. Бір нәрсені өзгерту керек болды, — деді ол.

Бапкер үзіліс кезінде командасына қандай нұсқаулық бергенін де атап өтті.

— Үзіліс кезінде ойыншылармен қатал сөйлестім. Бірінші таймдағы ойынымыз ұнамады. Қақпаға соққы аз, ал қарсылас қауіпті сәттерді көбірек жасады. Қарсыласты да мойындау керек. Олар бізге ойын тізгінін беріп, күтпеген тактика қолданды. Біз, керісінше, олар допқа көбірек иелік етеді деп ойлағанбыз. Бірақ олар бізді өз алаңдарына тартып алды. Сол қарымта шабуылдардың бірі арқылы гол соқты. Үзілісте ойыншыларға: «Бұлай болмайды. Жанкүйерлердің алдында бұлай ойнауға хақымыз жоқ. Бүкіл стадион бізді қолдауға келді, біз жеңілмеуіміз керек» деп айттық, — деді Рафаэль Уразбахтин.

Еске салайық, «Қайрат» екінші жыл қатарынан Қазақстан чемпионы болды.

Соңғы жаңалықтар