Астана – Дели: Еуразия экономикасының қос тірегі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанға ресми сапармен барды. 12–13 қыркүйекте Нью-Делиде БРИКС-тің XVIII саммиті өтуі тиіс. Қазақстан мен Үндістанның жақындасуына не себеп? Еліміз достас мемлекетке не ұсына алады? Олар біздің бизнес, ғылым өңірлік логистиканы қалай дамытпақ? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы тақырыпты жан-жақты талдады.

Визит Президента Токаева в Индию: что принесет саммит БРИКС стране и региону
Фото: Akorda

Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Президенті мен Үндістанның жоғары лауазымды тұлғалары халықаралық алаңдарда бірнеше мәрте кездесті. Алайда бұл ресми форматтағы сапардың саяси мәні мүлде бөлек. Бұл Қазақстанның Үндістанды Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктес әрі көпполярлы әлемнің негізгі орталығының бірі ретінде қарастыратынын көрсетеді.

Мемлекет басшысының сапарына дайындық жыл басында-ақ басталып кеткен. Ақпанда Премьер-министр Олжас Бектенов Үндістанға барып, Нарендра Модимен келіссөз жүргізіп, India AI Impact Summit халықаралық саммитіне қатысты. Тараптар сауда, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, стратегиялық минералдар, ғарыш, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты талқылағаны белгілі. Сол тұста Қазақстан бірқатар тауар позициясы бойынша экспорт көлемін 150 млн долларға арттыруға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Визит Президента Токаева в Индию: что принесет саммит БРИКС стране и региону
Фото: Х.com/@narendramodi

Үндістан да дәстүрлі шикізат импортымен ғана шектелмей, жаңа бағыттарға қызығушылық танытып отыр. Қазірдің өзінде стратегиялық маңызы бар минералдар, жоғары технологиялар, фармацевтика, цифрландыру, көлік-логистика, жаңа инвестициялық жобалар назарға алынды. Осылайша, екі ел арасындағы қарым-қатынастың мазмұны біртіндеп өзгеріп келеді.

Үндістан нарығы өте ауқымды. Әлемдегі ең ірі экономикалардың бірімен алыс-берісті ұлғайтсақ, ұтарымыз көп. Сондықтан сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары осы бағытқа серпін береді деген ұстанымда. Оның үстіне Президент тамыз айында Үндістанның Тәуелсіздік күніне орай Премьер-министр Нарендра Модиге жолдаған құттықтауында стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін байқатқан.

Үндістан: Нарық па, көлік бағыты ма?

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–маусым айларында Үндістаннан елімізге импортталатын тауар көлемі 242,8 млн доллар болды. Бұл – Қазақстанның жалпы импортының 0,77%-ы. Бір қарағанда, аз көрсеткіш болып көрінуі мүмкін. Алайда қазіргі күн тәртібінің ерекшелігі де осында. Қазақстан Үндістан нарығының әлеуетін толық пайдалануға ниетті.

Сол себепті алда бірнеше бағыт қарастырылып отыр. Қазақстан металл, химия, мұнай-химия өнімдерін, ауыл шаруашылығы тауарларын, стратегиялық маңызы бар минералдарды жеткізуге қауқарлы. Ал Үндістан фармацевтикалық өнімдерді, технология мен жабдықтарды жеткізе алады.

Осы қатарға көлік-логистика саласын қосуға болады. Үндістан – «Солтүстік - Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің соңғы нүктесі. Аталған дәліз арқылы Парсы шығанағы порттарына, одан әрі Үндістан нарығына тікелей шыға аламыз.

2025 жылғы маусымда өткен «Үндістан – Орталық Азия» диалогінің төртінші отырысында Үндістан Орталық Азия елдерімен байланыстарды дамыту үшін «Солтүстік - Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін белсенді пайдаланудың ұсынғанын білеміз. Сондай-ақ Қазақстанның осы дәліздің шығыс қанатын дамыту жөніндегі бастамасын оң бағалады.

брикс
Фото: dailynewsegypt.com

Сондықтан Үндістан бағытын Қазақстанның көлік-логистикалық стратегиясының ажырамас бөлігіне балаған дұрыс. Қазақстан – Иран – Үндістан бағыты бойынша инфрақұрылым неғұрлым жылдам дамыған сайын, сауда көлемі де соғұрлым көбейеді.

Тағы бір маңызды фактор – Қазақстанның ЕАЭО аясындағы жұмысы. Биыл мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО мен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөзді қолдап, одақтың Азия, Африка, Араб әлемі және Латын Америкасы елдерімен сыртқы экономикалық байланысын кеңейтудің маңызды екенін жеткізген.

— Одақтың Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланыстарын одан әрі кеңейту қажет. Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс басқа да қызмет бағыттары сияқты назар аударуға лайық, — деді Президент.

Осылайша, Қазақстан Үндістанмен байланысты бірнеше бағытта дамытпақ: екіжақты қарым-қатынастар, ЕАЭО, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі. Енді БРИКС алаңы арқылы да жұмыс жанданады деген белгі.

Нью-Дели үшін Астананың өзіндік маңызы бар. Орталық Азиядағы ең ірі экономика, уран мен табиғи ресурстарды негізгі экпорттаушы ел болуымыз достас елдің қызығушылығын арттырды. Қазақстанды Еуразиядағы көлік бағыттарының көктей өтуі әрі Ресей, Қытай, Еуропа және Ислам әлемі елдерімен байланысымыз маңызды арттыруға септесіп келеді.

Нью-Делиден БРИКС-ке дейін

Қазақстан 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап БРИКС-ке серіктес мемлекет мәртебесінде қатысып келеді. Соңғы жылдары бірлестіктің географиялық ауқымы айтарлықтай кеңейгенін көреміз. Бүгінде оның құрамына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Эфиопия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Индонезия қосылды. Бұдан бөлек, тағы он мемлекет ресми серіктес мәртебесіне ие. Осылайша, БРИКС «Жаһандық Оңтүстіктің» басым бөлігін қамтып отыр.

Биыл БРИКС-тің құрылғанына 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде бірлестіктің маңызы тек сандық тұрғыдан ғана артқан жоқ. Бұл алаңда әлемдегі ең ірі энергетика, өнеркәсіп, қаржы нарықтары тоғысады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының аға сарапшысы Валерий Ситенконың бағалауынша, БРИКС-тің кеңеюі әлемдік жүйедегі өзгерістерді байқатты.

– Халықаралық жүйе терең трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Геосаяси бәсекенің күшеюі, протекционизмнің артуы, сауда және инвестициялық ағындардың құбылуы, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы сенім деңгейінің төмендеуі осы күйге жеткізді. Мұндай жағдайда түрлі саяси-экономикалық орталықтар арасындағы диалогті қамтамасыз ете алатын көпжақты ұйымдарды дамыту маңызды. БРИКС қолданыстағы халықаралық жүйені неғұрлым көпполярлы бағытта реформалауды жақтайды. Құрамындағы дамушы елдер мен орта державалардың, соның ішінде Қазақстанның да рөлін күшейтуге құлықты. Мұндай ұстаным Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына сәйкес келеді, – дейді сарапшы.

Қазақстанға БРИКС не үшін қажет?

Бұл сауалға дипломатиялық мәлімдемеден гөрі сыртқы сауда статистикасы нақтырақ жауап берері анық. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 29,9 млрд доллары Қытай мен Ресейге тиесілі болды – елдің жалпы сыртқы сауда айналымының 41,6%-ы қос елдің үлесінде, яғни Қазақстанның сыртқы саудадағы әр он доллардың төртеуі БРИКС-ке мүше осы екі мемлекетке кетеді.

брикс
Инфографика: Kazinform

Сыртқы сауда көрсеткіштері тағы бір маңызды мәселені аңғартты. Қазақстан энергетикалық ресурстар мен стратегиялық маңызы бар минералдардың мол қорына ие. Валерий Ситенконың пікірінше, жаһандық энергетикалық өзгеріс, электромобильдер мен аккумулятор жүйелердің дамуы, цифрлық экономика мен жасанды интеллект шикізатқа сұранысты арттыруы мүмкін. Бүгінде уран, мыс секілді шикізат түрлерін сатып алуға ниетті елдер күрт артып отыр. Сондықтан Қазақстан үшін БРИКС шикізатты өңдеу, құрамдас бөлшектер өндіру бағытында серіктестер іздейтін алаң болмақ.

Қазақстанның ұзақ мерзімді мүддесі тек шикізат экспортын ұлғайтумен шектелмейді. Қазір өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету жүргізіліп жатыр. Егер БРИКС мемлекеттері шикізатты өңдеу, құрамдас бөлшектер өндіру, технологияларды енгізу, жаңа өндіріс құру бағытында қадам жасаса, оның әсері бәріне оң болмақ.

Бұл Қазақстан үшін – өзекті мәселе. Себебі біз үшін БРИКС-ке мүше елдерге қанша уран, мыс немесе ферроқорытпа сатқанымыз маңызды емес. Ең керегі, сол ресурстардың негізінде өзімізде жаңа өндіріс пен технологиялар пайда болуы тиіс.

Үндістанның төрағалығы: мүдделер тоғысы

2026 жылы БРИКС-ке Үндістан төрағалық етіп отыр. Бұл – елдің 2012, 2016 және 2021 жылдардан кейінгі төртінші төрағалығы. Осы тұста Үндістанның БРИКС-ке жетекшілік етуі екіжақты экономикалық байланысты жандандыруға мүмкіндік беруі ықтимал. Ол қай бағыттар?

Биылғы БРИКС-те төрт басымдық бар: тұрақтылық, инновация, ынтымақтастық және орнықты даму. Үндістан тарапы сондай-ақ экономикалық тұрақтылыққа, инновацияға, халықаралық институттарды реформалауға, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздікке баса мән беріп отыр.

Аталған тақырыптардың әрбірі Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатымен үндеседі. Мысалы, биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Елде мемлекеттік цифрлық қызметтер дамып, технологиялық инфрақұрылым қалыптасып жатыр.

Сонымен қатар Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік, бейбіт атом энергетикасын дамыту, климат өзгеруіне бейімделу, су қауіпсіздігі мен орнықты саудаға мән беріп келеді. Сарапшылардың пікірінше, Үндістанның төрағалығы Астананың тиімді бастамаларды ұсынуына мүмкіндік береді.

Әрбір төрағалық етуші ел ұйымның қызметіне реңк беріп, халықаралық қауымдастық алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге қатысты көзқарас пен тәсіл ұсынады. Үндістан негізгі міндет ретінде «төрт ауқымды басымдықты» жариялады. Басымдықтың бәрі Қазақстан үшін де аса құнды. Еліміз серіктес мемлекет ретінде бұл бағыттағы тәжірибесін бөлісіп, ұстанымын ашық білдіріп келеді, – дейді Валерий Ситенко.

Ситенко
Фото: Kazinform

Жаңа бағыт жанданады

Нарықтарды жалғайтын балама жолдар неғұрлым көп болған сайын, жеткізу тізбектері де соғұрлым тұрақты болады. Сондықтан Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін, шығыс бағытты және басқа да көлік байланыстарын қатар дамытып келеді. БРИКС аясындағы артықшылығымыз да осында жатыр.

Сарапшылар ұсынған деректерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстан аумағы арқылы өткен транзит көлемі 36,9 млн тонна болып, 6,6%-ға өскен. Биыл көрсеткіш 38,5 млн тоннаға дейін артады деген болжам бар. Транскаспий бағыты 2021 жылы 1 млн тоннаға жетпейтін еді, бүгінде ол 5 млн тоннаға жуықтады. Ал 2027 жылға арналған мақсатты көрсеткіш – 10 млн тонна. Бұл ретте БРИКС оңтүстік бағытты жетілдіріп келеді. Өткен жылы Солтүстік – Оңтүстік дәлізі арқылы шамамен 3,5 млн тонна жүк тасымалданған, демек бір жылда 12%-ға көбейді.

БРИКС-тің тағы бір мүше елі – Иран. Қазір Қазақстан мен Иран арасындағы теміржол тасымалы 69%-ға өсті. Осылайша, Иран арқылы Қазақстанның Парсы шығанағына, одан әрі Үндістан нарығына шығуына мүмкіндік бар. Бұл енді абстрактілі геосаяси схема емес, елдің Оңтүстік Азиямен сауда құрылымын өзгерте алатын нақты экономикалық бағыт десек болады.

Валерий Ситенко Қазақстанның БРИКС-тегі рөлі дәл осы сауда жолы арқылы нығаюы мүмкін деп санайды.

— Соңғы жылдардағы бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық халықаралық көлік бағыттарын әртараптандыруға итермеледі. Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік көлік бағыттарының тоғысында орналасқан Қазақстан халықаралық сауданы тұрақтандыруға үлес қоса алады. Қазақстан БРИКС елдерімен көлік инфрақұрылымы, тасымалдарды цифрландыру, шекаралық рәсімдерді жаңғырту, транзиттік кедергілерді жою салалары бойынша келісім жасауға мүдделі. Бұл ретте көлік дәліздерінің бәсекесі емес, олардың бір-бірін толықтыруына басымдық берілуі тиіс, – дейді спикер.

Жасанды интеллект тоғысы

Егер сауда мен логистика ынтымақтастықтың материалдық негізін қалыптастырса, технологиялар оның келесі деңгейін айқындай алады. Үндістан 2026 жылы инновацияға ерекше назар аударып отыр.

– Жасанды интеллект экономикалық өсім мен еңбек өнімділігінің басты факторына айналып келеді. Себебі болашақта технологиялық революция мемлекеттер арасында теңсіздікті қалыптастыруы мүмкін. Кімде есептеу инфрақұрылымы, технологиялар мен білікті кадрлары бар, соның дәурені жүреді. Сондықтан БРИКС мемлекеттері жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге тиіс. Оған қоса білім алмасу, маман даярлау, технологиялық экожүйені бірлесіп дамытуға мән беру маңызды, – деп есептейді Валерий Ситенко.

Қазір Қазақстан өзінің технологиялық экожүйесін қалыптастыруға ұмтылып отыр. Мұндай жағдайда Үндістан, Қытай, Ресей және БРИКС-тің басқа да мемлекеттерімен ынтымақтастық орнату тиімді.

Көпвекторлы сыртқы саясат

БРИКС халықаралық жүйені толықтыра түседі. Бірлестіктің екі жетекші мемлекеті – Ресей мен Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері. Ал Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африка Республикасы басты халықаралық ұйымның тұрақты мүшелігіне үміткер.

Валерий Ситенконың айтуынша, БРИКС өңірлік интеграциялық құрылымдардың ортақ платформасын қалыптастыруы мүмкін. Мұндай платформа МЕРКОСУР, АСЕАН, Оңтүстік Африка Кеден одағы, БИМСТЕК секілді халықаралық ұйымдармен байланысты күшейте алады.

– Бұл форматтардың бәрі сауда мен инвестиция үшін ашық экономикалық стандарттарды қалыптастыруы ықтимал. Осы ретте Қазақстанның ЕАЭО мен ШЫҰ секілді бірқатар маңызды өңірлік құрылымның өкілі екенін ұмытпауымыз керек. Еуропалық одақпен жақсы қарым-қатынасымыз тағы бар. Мұның бәрі БРИКС-пен байланысты дамытуға ықпал етеді, — деп түсіндірді сарапшы.

Саясаттанушы Ерсұлтан Жансейітовтің пайымдауынша, Қазақстан дипломатиясының ерекшелігі де осында жатыр. Еліміз әртүрлі саяси-экономикалық ұйымдарды бөле жармай, керісінше олардың бір-бірімен байланыс жасауына себепші болып жүр.

– Біздің артықшылығымыз – инфрақұрылым, құқық және географиялық орналасуымыз. Әлем елдеріне кез келген уақытта балама бағыт пен келіссөз алаңын ұсына алатын деңгейді сақтауымыз керек, — деп толықтырды Ерсұлтан Жансейітов.

Ерсултан Жансеитов
Фото: Jibek Joly арнасынан скрин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндістанға сапары мен Қазақстанның БРИКС саммитіне қатысуы елдің көпвекторлы саясатқа икемделе бастағанының белгісі. Ал Астана мен Нью-Дели үшін Еуразиядағы экономикалық серпіліске жол ашатын кезең.